Құқық қорғаушылар 2024 жылы Испанияға барар жолда мыңдаған адам қаза болғанын хабарлады

Фото: Фото: freepik

АСТАНА. KAZINFORM – Мигранттар құқығын қорғайтын испандық Caminando Fronteras тобының дерегінше, 2024 жылы Испанияға жетуге тырысқан 10 мыңнан астам заңсыз иммигрант теңізде қаза тапқан, деп хабарлайды Euronews

15 желтоқсанға қарай Caminando Fronteras хабарлаған өлім-жітімнің басым көпшілігі ұзындығы, жағалау күзетінің шектеулі құралдары және мұхит ағындарының әртүрлілігіне байланысты әлемдегі ең қауіпті деп саналатын Атлант бағыты бойында болды. Құқық қорғаушылар сондай-ақ басқа бағыттарда 700 адам қаза болғанын хабарлады. Бұл ретте, Caminando Fronteras есебіне сәйкес, құрбандардың жалпы саны 2023 жылмен салыстырғанда 58%-ға өскен. 

Топ деректерді мигранттардың отбасыларының әңгімелеріне және құтқарылғандар туралы ресми статистикаға сүйеніп жинайды. Құқық қорғаушылардың есебінде қаза тапқандардың 1538-і бала мен 421-і әйел болғаны, ал сәуір мен мамыр – жылдың ең қауіпті айлары екені көрсетілген.

Олар сондай-ақ 2024 жылы Мавританиядан жүзетін кемелер саны «күрделі өскенін» атап өтті, дәл осы ел Канар аралдарына баратын мигранттардың негізгі кету нүктесіне айналады. 

Ақпан айында Испания адам контрабандасымен күрес және заңсыз иммигранттардың кетуіне жол бермеу үшін Мавританияға 210 млн еуро бөлуге уәде берді.

Испания Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, биылғы 15 желтоқсанға дейін елге теңіз арқылы 57,7 мыңнан астам мигрант келген, бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12 пайыз артық. Басым көпшілігі Атлант мұхиты бағытымен жүрді.

Caminando Fronteras деректері Missing Migrants Project сияқты басқа ұйымдардың деректерінен айтарлықтай жоғары.

Оның хабарлауынша, 2024 жылы дәл сол Атлантикалық бағытпен жүрген 979 мигрант жоғалып кеткен.

Грекияда мигранттар мінген қайық апатқа ұшырап, 8 адам қайтыс болды.