Іс-шараның мақсаты – құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу, азаматтардың қауіпсіздігіне төнетін қатерлерді дер кезінде анықтау және заңсыз әрекеттердің жолын кесу.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, мемлекеттік органдар, қоғам және азаматтардың бірлескен жұмысының нәтижесінде елде қылмыс деңгейі тұрақты төмендеп келеді. Дегенмен заң талаптарын қасақана және қайталап бұзатын адамдар да бар.
Мәселен, Петропавлда полиция қызметкерлері көлік жүргізу құқығынан айырылған 38 жастағы ер адамды ұстады. Ол сот шешіміне қарамастан, қайтадан көлік тізгіндеген. Сот құқық бұзушыны әкімшілік қамаққа алу туралы шешім шығарды.
Алматыда жергілікті тұрғыннан ойық ұңғылы винтовка, тапанша, оқ-дәрілер және үш пышақ тәркіленді. Бұған қоса, әртүрлі қару түрлерінің макеттері табылды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
Сондай-ақ Алматыдағы қараусыз қалған үйлердің бірінен 2022 жылдан бері іздеуде болған аңшы мылтығы табылды. Онымен бірге 30 патрон мен жарық-дыбыс гранатасы анықталды. Барлық зат тәркіленіп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.
Есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес те күшейтілді. Қарағанды облысында полиция халықаралық пошта жөнелтілімін алуға келген 47 жастағы ер адамды ұстады. Тінту кезінде Польша, Үндістан және Германиядан жеткізілген 480 таблетка тәркіленді. Сараптама олардың бір бөлігінен аса ірі мөлшердегі психотроптық зат – модафинил бар екенін анықтады. Препараттарға интернет арқылы тапсырыс берілген. Осы дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті қамауға алынды.
Маңғыстау облысында көлікті тексеру кезінде полиция қызметкерлері ішінен марихуана болуы мүмкін зат салынған пакеттерді тапты. Кейін базалардың бірінде есірткінің тағы бір партиясы анықталды. Тәркіленген заттардың жалпы салмағы шамамен 130 келі болды. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Полиция халықаралық іздеуде жүрген адамдарды анықтау жұмыстарын да жалғастырып келеді. Алматыда алаяқтық жасады деген күдікпен мемлекетаралық іздеуде болған Қырғызстан азаматы ұсталды. Тергеу материалдарына сәйкес, ол жер учаскесін заңсыз сатуға қатысып, жәбірленушілерге 125 мың АҚШ доллары көлемінде залал келтірген. Ұсталған азамат уақытша ұстау изоляторына қамалды.
ІІМ сұрау салғаннан кейін Біріккен Араб Әмірліктерінде алаяқтық жасады деген күдікке ілінген Қазақстан азаматы да ұсталды. Тергеу нұсқасы бойынша, ол Қытайдан тауар сатып алып, жеткізіп беруге уәде етіп, жәбірленуші мен оның ата-анасынан жалпы сомасы 24 млн теңгені иемденген. Қазір күдікті қамауда отыр.
Ішкі істер министрлігі заң талаптарын сақтауға, өзге адамдардың құқықтарын құрметтеуге және құқық бұзушылықтарға бейжай қарамауға шақырды. Министрлік өкілдері қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқықтық тәртіпті сақтау бағытындағы жұмысты жалғастыратынын атап өтті.
Айта кетейік, Алматы полициясы күшейтілген жұмыс режиміне көшті.