Құқық қорғау қызметкерлерінің есірткімен күреске бағытталған шараларына жоғары оқу орындарының студенттері де атсалысуда

АСТАНА. Қарашаның 17-сі. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Астана қалалық Ішкі істер департаментінің қызметкерлері әкімшілік сот органымен бірлесе отырып, көшпелі сот отырыстарын ұйымдастыруды жалғастыруда.

Қарашаның 12-сі күні жастар арасындағы құқықбұзушылық пен есірткі пайдалану және ішкілікке салынудың алдын алу мақсатында Еуразия ұлттық университетінде прокуратура қызметкерлері мен 200-ден астам студент жастардың қатысуымен осындай көшпелі отырыс өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Астана қалалық Ішкі істер департаменті бастығының орынбасары Қайрат Мұхитовтың сөзіне қарағанда, қарашаның 4-і күні учаскелік полиция инспекторы Г.Құтемгенов пен аталмыш жоғары оқу орнының жедел-жастар отрядының өкілдері 1989 жылы туылған Ж. атты азаматты қолға түсіріп, тексеру шаралары нәтижесінде одан табылған есірткіге ұқсас заттың гашиш екендігі анықталды. «Сот талқылауы барысында аталмыш азаматтың есірткінің дәмін татып көргендігі және оның өзі де бұл фактіні растап, есірткіні жеке өзі пайдалану үшін алып жүргендігін мәлім етті. Аталмыш азаматтың кінәсі дәлелденіп, оған 4 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды. Ал жедел-жастар ұйымының өкілдерінің әрқайсысына 10 мың теңге көлемінде сыйақы ұсынылып, ұйымға жаңадан мүше болған азаматтарға арнайы куәліктер тапсырылды», деді департамент бастығының орынбасары.

Естеріңізге сала кетейік, жоғары оқу орындарының жедел-жастар отрядының өкілдері қарашаның 1-і мен 25-і аралығында өтетін слет аясында құық қорғау құрылымдарымен бірлесіп жұмыс істейді. Слеттің нәтижесін, яғни үздік жедел-жастар ұйымының жұмысын арнайы конкурстық комиссия анықтайтын болады.