Бұл туралы бүгін «Азаптауларға және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс әрекеттер мен жазалау түрлеріне қарсы Қазақстан Республикасының заңнамасын дамыту» тақырыбында өткен дөңгелек үстел барысында Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Рахмет Мұқашев мәлім етті.
Депутаттың айтуынша, 8 сәуірдегі Елбасы Жарлығына сәйкес, полиция қызметкерлерінің кезектен тыс аттестациясын ағымдағы жылдың соңына дейін өткізу көзделеді. Ал Мәжіліс мақұлдаған заң жобасында осы жағдайдың бәрі қамтылған. «Жалпы аттестацияның мақсаты жыл соңына дейін полиция қызметкерлерінің қатарын «тазалау» болып табылады. Жағымсыз мінез-құлыққа ие, жаман атағы шыққан қызметкерлер аттестация арқылы шеттетіледі. Ал сондай «тазарту» жұмыстарынан соң, келесі жылдан бастап, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің лауазымдық қызметақысы көтеріледі», - дейді Р. Мұқашев. Оның айтуынша, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің жалақысы ғана көтеріліп қоймай, олардың әлеуметтік пакет мөлшері де арта түседі.
«Яғни аттестациялаудан кейін кәсіби және басқа да критерийлерге сәйкес қызметке лайық деп танылғандарға әлеуметтік қолдаулар да қарастырылады», - деді депутат.