Құқық қорғау органдары қызметкерлеріне қол жеткізген нәтижелеріне қарай сараланған еңбекақы төленеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Сенаттың жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқық қорғау органдарының қызметін және құқық қорғау қызметін өткеру тәртібін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңын қабылдады. Аталған құжат Мемлекет басшысының бес институттық реформасын іске асыру жөніндегі 100 қадам - Ұлт жоспарын орындау үшін әзірленген болатын.

Тұтастай алғанда құжат құқық қорғау жүйесін одан әрі жаңғыртудың 2014-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын және Құқық қорғау органдарының кадр саясаты тұжырымдамасын іске асыруға бағытталған.

Бұл ретте заң жобасымен «Прокуратура туралы», «Құқық қорғау қызметі туралы» және «Азаматтық қорғау туралы» және басқа да заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көзделеді. Атап айтқанда, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің жоғары білікті кадр құрамын қалыптастыру мақсатында Бас прокуратураның жанынан Құқық қорғау органдары академиясын құруды көздейтін толықтырулар енгізіледі. Академияның негізгі қызметі құқық қорғау органдары қызметкерлерінің, оның ішінде Президенттік резервте тұрған Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдары басшылығының кәсіби деңгейін арттыру, құқық қорғау қызметі саласында ведомствоаралық ғылыми зерттеулерді үйлестіру және жүргізу болып табылады.

Бұдан бөлек, құқық қорғау органы басшыларының жас қызметкерлерді бейімдеу және тәлімгерлікті жүзеге асыру тәртібін айқындауын көздейтін толықтырулар енгізіледі. Сондай-ақ заң жобасымен құқық қорғау органының басшылық лауазымдарын атқаратын, ротацияланатын қызметкерлеріне лауазымдық міндеттерін атқару кезеңінде жекешелендіру құқығынсыз қызметтік тұрғын үй беруді көздейтін толықтыру ұсынылады.

Заң жобасымен қызметкерлерді құқық қорғау органдарындағы қызметке ынталандыру жүйесі енгізіледі. Осыған байланысты қызметкерлерге қол жеткізген нәтижелеріне байланысты сараланған еңбекақы белгіленетін болады.