Құқық қорғау органдары мен құрылымдық күштер арасында волейболдан ашық чемпионат өтеді

АСТАНА. 5 маусым. ҚазАқпарат - Астана қаласында маусым айының 6-8 аралығында ҚР Ішкі істер органдарының құрылғанына 20 жыл толуына орай, құқық қорғау органдары мен құрылымдық күштер арасында волейболдан ерлер арасында ашық чемпионат өтеді.

Жарыс құқық қорғау органдары арасындағы салалық спартакиада  бағдарламасына сәйкес, сондай-ақ Спорт және дене шынықтыру істері жөніндегі агенттігінің бастамасымен өтеді.

 Чемпионатқа Ұлттық қауіпсіздік комитеті (өткен жылғы жеңімпаз), Ішкі істер министрлігі, Төтенше жағдайлар министрлігі, ІІМ Ішкі әскерлер, ҰҚК Шекара қызметі, Бас прокуратурасы, Кеден қызметі, Қаржы полициясы, Республикалық Гвардия  және ҚР Қорғаныс министрлігінің құрама командалары қатысатын болады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, көптеген командалардың құрамында тәжірибелі спортшылармен қатар қызметті спортпен қатар алып жүрген жас ойыншылар да баршылық. Ал төрешілер бригадасы негізінен волейбол федерациясының ұлттық жоғары санаттағы судьяларынан жасақталған.

«Динамо» Орталық Кеңесі аталған чемпионатты құқық қорғау органдары қызметкерлерінің дайындық деңгейін арттыру, жас және спортпен айналысатын қызметкерлерді анықтап, оларға жағдай жасауға ерекше көніл бөлу, волейбол ойынын насихаттау және оның материалдық базасын дамыту, сондай-ақ салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында өткізеді.