Құқық қорғау органдары өздерінің күш-жігерін аса ауыр қылмыстарды ашуға негіздеп отыр

АСТАНА. 24 қаңтар. ҚазАқпарат - Қылмыстық істерді тергеу кезіндегі төрешілдік пен формализмді еңсеру маңызды қадам. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР Президенті Әкімшілігі құқық қорғау жүйесі бөлімінің меңгерушісі Алик Шпекбаев мәлім етті.

«Сотқа дейінгі өндірісті жеңілдету - кіші және орта дәрежедегі қылмыстар бойынша қылмыстық істерді тергеу кезіндегі төрешілдік пен формализмді еңсеру жолында маңызды қадам болды», - деді ол. Атап айтқанда бұндай қылмыстар жалпы тіркелген қылмыстардың ішінде 89 пайызды құрайды екен. А. Шпекбаевтың сөзіне қарағанда, бүгінде жеңілдетілген тәртіпте сотқа ҚР ІІМ желісі бойынша қылмыстық істердің 27 пайызы, ал қаржы полициясы желісі арқылы 19 пайызы бағытталады. «Құқық қорғау органдары өздерінің күш-жігерін қоғам үшін қауіп тудыратын ауыр және аса ауыр қылмыстарды ашуға негізделуге мүмкіндік алды»,-деп түйді ол.