Заң жобасын талқылау барысында депутат Жанат Жарасов қолданыстағы заңға сәйкес құқық қорғау органдарына, арнайы органдарға қабылдау барысында тұлғалар полиграфтық тексеруден өтетінін еске салып, қаралып отырған заң жобасында да осы мәселе қамтылғанына тоқталды.
«Құқық қорғау органдарына қабылдау барысындағы полиграфтық зерттеулер жүргізудің тәртібі қандай? Бұндай тексеру өзін қолдану тұрғысынан қалай көрсетті? Біз осы полиграфтық тексерулерді уақытында енгізіп отырмыз ба?», - деп сұрады депутат Ж.Жарасов.
Өз кезегінде ішкі істер министрінің орынбасары полиграфтық зерттеулерді енгізуде әлемдік тәжірибелер, соның ішінде ТМД елдерінің тәжірибелері зерделенгенін, ал осы жүйеге 2013 жылы Бас прокуратура бастама жасағанын тілге тиек етті.
«Тек биылғы жылдың маусым айында ғана полиграф жүргізу ережелері туралы Үкімет қаулысы шықты. Мына заң жобасында да ондай талдаудан өтетін тұлғалар санаты бекітіліп отыр, оларды құқық қорғау органдарының басшылары айқындайды. Сұраққа келсек, Үкімет қаулысы ағымдағы жылы ғана қабылданғанына байланысты жыл соңына дейін біз полиграф бойынша материалдық-техникалық жарақтандыру, полграфтық тексеру жүргізетін жеке құрамды оқыту мәселелерін толық шешеміз. Сондықтан да полиграфтық тексерулер 2015 жылдың қаңтарынан бастап толыққанды жұмысқа кірседі», - деді М.Демеуов.
Оның сөзіне қарағанда, полиграфтық зерттеулерге қатысты қандай да бір сараптамалар жасалмаған.