Құқық қорғау органдарының жұмысына сырттан бағалау жүйесі енгізілетін болады - М. Тәжин

АСТАНА. 21 желтоқсан. ҚазАқпарат   Қазақстанда 2013 жылдың соңына қарай құқық қорғау органдарының жұмысын сырттан бағалау жүйесі енгізілетін болады.

Бұл туралы бүгін ҚР Бас Прокуратурасының кеңейтілген алқа отырысында ҚР Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Марат Тәжин мәлім етті.

Қауіпсіздік кеңесі хашысының айтуынша, бүгінгі таңда құқық қорғау органдарының, арнайы қызметтің, сондай-ақ барлық мемлекеттік органдардың терроризм мен экстремизмге қарсы күрес тұрғысынан бағалау жүйесі қалыптасқан. «Ал ендігі негізгі мәселе құқық қорғау органдарының қызметін сырттан бағалау жүйесі туралы болып отыр. Яғни, ведомство өз-өзін мақтап немесе өз жұмысына өзі сын айтатындай емес, сондай-ақ субъективизмде қалыптасатындай болмауы керек.   Бізде, ең бірінші кезекте Мемлекет басшысында  құқық қорғау органдарының жұмысын сырттан бағалайтын дұрыс жүйенің қалыптасқаны қажет», - деді жиын барысында Марат Тәжин.

Оның айтуынша, бұл бағытта ең алдымен нақты әрі түсінікті көрсеткіштер қатмтылуы шарт. Сол көрсеткіштерге сүйене отырып, құқық қорғау органдарының жұмысы бағалануы қажет.