Бұл туралы бүгін Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Сот саласындағы өкілеттілік институтын жетілдіру: құқық тәртібін қолдану және жүргізу мәселелері» тақырыбындағы Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда Қазақстанның адвокаттар одағының төрағасы Әнуар Түгел мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Одақ басшысының айтуынша, еліміздегі үлескерлер мәселесін шешу жұмысына, көбінесе, бұған дейін алаяқтық үшін сотталған азаматтар қатысады. Мәселен, Ақмола облыстық сотында құқық қорғаушы ретінде қызмет атқарып жатқан Артюшина (кей кезде ол өзін Ситова деп таныстырады) кезінде алаяқтық үшін 7 жылға сотталған болатын. Ал Павлодар облысында Губина есімді азамат жол-көлік апатына ұшыраған кісінің құқығын қорғаймын деп соттың шешімін қолдан жасап, оны орындау үшін Соттар әкімшілігіне тапсырған. «Ондай оқиғалар көптеп орын алуда. Қаншама азаматтар содан зардап шегіп, нәтижесінде еліміздің сот жүйесіне деген халықтың сенімі төмендейді», - дейді Ә.Түгел.
Қазақстанның Бас адвокаты атап көрсеткендей, қазіргі кезде азаматтардың құқығын қорғайтын азаматтардың ішінде психикалық ауруларға душар адамдар да кездеседі. Олар заңгерлік кеңестерді беріп қана қоймай, қажетті құжаттарды емін-еркін рәсімдеп, соттағы тараптардың құқығын қорғап жүр. «Бүгінде ондай азаматтар адвокаттардың орнын басып алды деуге болады. Бірақ олар кәсіби заңгерлер сияқты емтихан тапсырмайды, тегін заңгерлік кызмет көрсетпейді, этика заңдарына бағынбайды, салық төлемейді және, ең бастысы, кәсіби антты бермейді. Осының нәтижесінде еліміздің құқық қорғау қызметінің беделі түсіп, мемлекеттік жүйеге деген көзқарас өзгеруде», - дейді Ә.Түгел. Осы орайда Қазақстанның адвокаттар одағының төрағасы құқық қорғау қызметтерін ұсынатын азаматтар үшін бірыңғай талаптарды заңмен бекітуді ұсынып отыр.