Құқық қорғаушы Атбасар түрмесіндегі азаптау туралы: Сотталушы басының ауыратынына шағымданды

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Біз азаптауға қарсымыз» қоғамдық ұйымы басшысының орынбасары Бауыржан Мусин Атбасар түрмесінде азаптауға тап болған Тимур Дәнебаевтың денсаулығы қандай жағдайда екенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ол басының ауыратынына шағымданды. «Басым ауырып жүр» деді. Әрине, одан кейін денесінің резеңке таяқпен ұрған артқы бөлігі ауыратынын айтты. Таяқ тиген жерді мамандар келіп емдеген. Әрине, ауырады. Ал басының ауырғанын кітаппен ұрды деп айтты. Нақты жағдайды есіне түсіре алмай отыр. Өйткені қобалжып отырды. Біз медицина мамандары тексеріп, ем тағайындау керектігін айтып кеттік.

Ал Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті төрағасының бірінші орынбасары Сағат Мәдиев сотталушының жағдайын «қанағаттанарлықтай» деп бағалады. Айтуынша, ол да оқиға орнына барып, сотталушының жағдайын көріп қайтқан.

«Оның жағдайы қанағаттанарлықтай. Денесіндегі жарақаттар бойынша қажетті тергеу әрекеттері жүріп жатыр. Бұл жағдайда денедегі жарақаттары туралы мәлімет айту тергеу құпиясына жатады. Өйткені дәлел ретінде іске бекітіледі. Бірақ қазір оның жағдайы қанағаттанарлықтай.

Қазір арнайы прокуратура тергеу жүргізіп жатыр. Сондықтан қайда екенін мен айта алмаймын. Ол ауруханаға жіберілген жоқ», - деді комитет өкілі.

Бұған дейін Алматы облыстық полиция департаментінің бұрынғы бастығы, Қаңтар оқиғасынан кейін сотталған Серік Күдебаевтың Өскемен түрмесіндегі суреті желіге тарап кетуіне байланысты қызметтік тексеру басталғанын жазған едік.