«Құқық тәртібі» шарасының барысында бұрын жасалған 14 қылмыс ашылды

АСТАНА. 25 қаңтар. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Астана қалалық тәртіп сақшыларының «Құқық тәртібі» жедел-сауықтыру шарасының барысында 3 мың 381 әкімшілік құқықбұзушылық анықталды.

Аталмыш шараның нәтижесімен бүгін журналистермен болған брифингте Астана қалалық Ішкі істер департаментінің Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары Қуантай Өмірбеков таныстырды.

Шара барысында шет мемлекеттерден келушілер тарапынан 214 елімізге келу тәртібін бұзу әрекеті анықталып, 26 азамат ел аумағынан шығарылды. Сондай-ақ 106 қаңғыбас пен қайыр тілеп жүргендер ұсталып, 985 адам ішкі істер бөлімінің фото және бейнеесебіне енгізілді. Заңсыз сақталып келген 9 қару тәркіленді. Ал көлікті мас күйінде жүргізген 36 азамат ұсталып, жаяу жүргіншілер тарапынан жол ережесін бұзудың 260 фактісі анықталды. Шара кезінде бұрын жасалған 14 қылмыс ашылып, іздеуде жүрген 5 азамат қолға түсті.

Жедел-сауықтыру шарасы 20-22 қаңтар аралығында жүрді.