«Құқық тәртібі» жедел алдын-алу іс-шарасы аясында Алматы полицейлері бақша өнімдерін сату орындарына рейд жүргізді

АЛМАТЫ. Тамыздың 9-ы. ҚазАқпарат - Соңғы кездері қауын мен қарбыз сатушылардың тұрғын массивтеріне жақынырақ, қаланың орталығына оңтайлы орналасуы белең алып барады. Сонымен бірге, олар өздері де ұғынбастан, өз мінез-құлықтарымен, жүріс-тұрыстарымен қаланың көріктендіру ережелерін, апатты жағдайлар тудыру мен санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды бұзу секілді бірден бірнеше заң талаптарын бұзуда, деп хабарлайды қалалық ІІД баспасөз қызметінен Гүлнәр Жаманқұлова.

«Ең бастысы - негізінен, сатушылардың бәрінің бақша өнімдерін сатуға рұқсат қағаздары жоқ. Біз әкімшілік пен аудандық СЭС өкілдерін қатыстыра отырып талай рет осындай тексеру рейдтерін жүргізген болатынбыз. Алайда, адамдар заңды белден басып, бұрынғыша қауын мен қарбыздарын сатуларын жалғастыруда. Айтқандай, олардың қайдан әкелінгендігі мен сақталу жағдайы бізге белгісіз жағдайда қалып отыр», - деп егжей-тегжейлі хабарлады Жетісу аудандық ІІБ бастығы, полиция подполковнигі Қанат Таймерденов.

Жуырда тексерілген бақша өнімдерін сатудың 12 стихиялы нүктелерінің 9-ы жасы 30-ға дейінгі азаматтардың «басшылығымен» жұмыс істеуде. Ал олардың бірінде ата-анасымен басқа қалада тұратын және мектептегі оқуынан аластатылған 12 жасар ұл бала анықталды.

«Біз еліміздің түкпір-түкпірінен табыс табу үшін келген осындай адамдардың қандай да бір қылмыс жасауынан қауіптенуіміз керек. Немесе, керісінше, ашық аспан астында түнеп жүрген бозбалалардың өздері қылмыскерлердің құрбанына айналуы да ықтимал. Сонымен қатар, сатушылардың көпшілігінің өз жеке басын куәландыратын құжаттары жоқ. Бақша өнімдерін сату науқаны нағыз қызып тұрған шағына да қарамастан, Алматыдағы қылмыстық ахуалды сауықтыру мен қаладағы қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында учаскелік инспекторлар осы іспеттес рейдтерді тұрақты түрде жүргізіп отыратын болады», - деп тұжырымдады подполковник Таймерденов.

Өткізілген рейд қорытындысы бойынша, саудагерлер полицейлер мен СЭС қызметкерлерінің қатысуымен өздерінің шатырларын жинастырып, жайына кетті, сонымен бірге олар өздерінің мамандықтарын өзгертетіндіктері туралы ойланатыны жайында уәде берді. Әйтсе де тәртіп сақшылары заңсыз сатушыларды әкімшілік жауапкершілікке тартты.