«Құқық тәртібі» жедел-сауықтыру шарасының алғашқы күнінде 171 қылмыстың ізі суымай ашылды - ІІМ

АСТАНА. 26 тамыз. ҚазАқпарат - «Тамыздың 25-інен бастап республика аумағында «Құқық тәртібі» жедел сауықтыру шарасы өтуде»,-деп хабарлайды Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі.

Баспасөз мәліметтеріне қарағанда, аталмыш шараның мақсаты - қоғамдық орындар мен көшелердегі құқықбұзушылық әрекеттерінің жолын кесіп, ішкі істер органдарында арнайы есепте тұрған жасөспірімдердің құықбұзушылықтарының алдын алу болып табылады. Осыған қарай шараға ішкі істер саласының 27 мың қызметкері мен ішкі әскердің сарбаздары тартылған. Сонымен қатар оған 6 мыңға жуық қоғамдық өкілдер атсалысқан. Шара барысында халық демалатын аумақтар мен орманды алқаптарда кезекші сақшылар саны көбейтіліп, автошолғыншылар торуылдады. Ал саяжай аймақтары мен қала сыртында атқа мінген сақшылар мен жылжымалы полиция тіректері жұмыс істеді. Жедел-сауықтыру шарасының алғашқы күнінде 171 қылмыстың ізі суымай ашылды. Олардың

35-і қоғамдық орындарда жасалса, 21-і көшеде орын алған. Бұған қоса 1 мың 81 әкімшілік құықбұзушылықтар анықталды. Олардың 29-ы ұсақ бұзақылық әрекеттер болса, 540 факті рұқсат етілмеген жерлерде спиртті ішімдіктер ішумен және мас күйінде қоғамдық орындарда жүрумен байланысты болды. Жедел-іздестіру шарасы 27-ші тамыз күні аяқталады.