Құқықтық саясатты жүзеге асыруға қатысты 2011 жылдың қаңтарынан бірқатар заң нормалары қолданысқа ене бастайды

АСТАНА. 9 желтоқсан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - 2011 жылдың қаңтарынан бастап құқықтық саясат бойынша бірқатар заң нормалары қолданысқа ене бастайды.

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде «Білікті заң көмегіне құқық және адвокатураның тәуелсіздігі» атты дөңгелек үстел барысында Әділет министрлігі Тіркеу қызметі және құқықтық көмек көрсету комитеті төрағасының орынбасары Жанат Элиманов осылай мәлім етті.

«Қазақстанның құқықтық саясаты тұжырымдамасын жүзеге асыру шеңберінде 2011 жылдың қаңтарынан бастап бірқатар заң нормалары қолданысқа ене бастайды. Бұндай заңнамалық актілерде аталған тұжырымдамада қарастырылған проблемалар ішінара әрі сатылап шешімін табатын болады. Атап айтқанда, мемлекеттік бюджет есебінен тегін құқықтық көмек алатын тұлғалардың саны арта түседі. Белгілі бір деңгейде адвокаттардың процессуальдық уәкілеттілігі де кеңейеді. Оның ішінде осы санаттағы құқық қорғаушыларға өз бетінше сот сараптамасын жүргізуге бастама жасау мүмкіндігі қарастырылады. Бұдан бөлек, адвокаттың заңды қызметіне кедергі келтіретіндерге қылмыстық жаза күшейе түседі», - деді Ж. Элиманов.

Оның айтуынша, ҚР Президенті жанындағы Құқықтық саясат жөніндегі кеңестің отырысы барысында Әділет министрлігі адвокаттық қызметті ұйымдастырудағы бірқатар проблемаларға назар аударған. Осының негізінде арнайы заң жобасы әзірленіп, құжат Парламент Мәжілісіне ұсынылған.