11:26, 27 Наурыз 2009
Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінде «Ашық есік күні» өтуде
АСТАНА. Наурыздың 27-сі. ҚазАқпарат /Жасұлан Жолдыбаев/ - Бүгін Астанада Бас Прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінде «Ашық есік күні» өтуде,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Аталмыш комитеттің міндеті мемлекеттік орган және заңды тұлғаларды ақпаратпен тиімді қамтамасыз ету болып табылады. «Бүгінгі шараның басты мақсаты - талдамалы және статистикалық мәліметтерді көпшілікке қолжетімді ету. Комитетте жеке кәсіпкерлердің тіркелуі, тексерулер ережелері, заң органдарына түскен шағымдар мен олардың орындалуы жайындағы кең ауқымды статистикалық мәліметтер жинақталады. Құқық қорғау органдарына статистикалық есептілік орнату арқылы елдегі құқықтық, заңдық үдерістерді бақылауға, қадағалауға болады», - дейді комитет төрағасының орынбасары Қияш Әйкенов. «Ашық есік күні» аясында мемлекеттік қызметшілерге, қоғамдық ұйымдардың, ғылыми зерттеу орталықтарының және ЖОО-ның өкілдеріне, студенттерге статистикалық ақпараттардың қалыптасуы, таралуы жөнінде де мәліметтер берілді. Ақпараттық жинақтар мен CD дискілері таратылды. «Ашық есік күні» комитеттің аумақтық органдарында да өткізілуде.