Оқиға орнына жеткен ол қарындасы Айнұрдың беліне дейін үйінді астында жатқанын көріп, көмектесуге тырысқан. Алайда көп ұзамай өзіне де кірпіштер құлап, есінен танып қалған.
— Айнұр ес-түссіз, ыңырсып жатты. Айналасы қанға боялған еді, — деді жәбірленуші.
Алайда Жангелді Қалиев оған жәрдемдесіп үлгермеген. Кенет жоғарыдан құм себіле бастағанын байқайды да, қайдан түсіп жатқанын білу үшін басын көтерген.
— Құм себіле бастады. Шамамен 45 градус деңгейінде басымды көтердім. Шатырдан бірдеңе құлап жатыр деп ойладым. Жоғарыға қарасам да, ештеңе көрмедім, сосын басымды түсірдім. Әрі қарай не болғанын білмеймін, есімнен танып қалдым, — деді ол.
Сонымен бірге, есінен танардың алдындағы соңғы сәтте қасында екі фельдшерді көргенін айтты. Олардың бірі: «Зембіл, зембіл!» деп айқайлаған. Осы кезде, жәбірленушінің айтуынша, жоғарыдан қайтадан кірпіштер құлай бастаған.
Қайғылы оқиғадан соң, Қалиев жарақатына байланысты ауруханада 18 күндей жатқан. Алайда сотта алған жарақаттары жөнінде нақты мәлімет бере алмады.
— Қазіргі уақытта айта алмаймын. Осы оқиғадан кейін есте сақтау қабілетім нашарлады, — деп түсіндірді ол.
Одан бөлек, ер адам 2025 жылғы шілдеден бері осы үйде тұратынын және аталған оқиғаға дейін қасбетте жарықтар немесе басқа да ақаулар бар-жоқтығын байқамағанын жеткізді.
— Егер көрген болсам, ол жерден пәтер сатып алмас едім, — деді ол.
Сотталушы — пәтер иелері кооперативі төрайымына қатысты талап-арызы бар-жоғы туралы сұраққа Жангелді Қалиев: «Жоқ, талабым жоқ», — деп жауап берді.
Айта кетейік, бұған дейін Ұлдана Мырзуан қазасына қатысты істе жәбірленуші алған ауыр жарақатын айтып, өтемақы талап еткенін жазғанбыз.