«Құлагер» ескерткіші жанынан «Ұлы дала - ұлттық рух, Құлагер-қазанат» атты мұражай бой көтереді
Бұл туралы бүгін «Ұлы дала қырандары» қозғалысының болашақ жоспарларына қатысты өткен арнайы дөңгелек үстел отырысында аталмыш қозғалыстың тең төрағасы Сәдібек Түгел мәлім етті.
Оның сөзінше, аталмыш мұражай ұлы даланың даңқын асқақтату мақсатынан туындаған бастама. «Мұражай елордадан 9 шақырым жердегі «Құлагер» ескерткішінің жанында орналасады. Авторы - белгілі сәулетші Төлеген Телеев. Пішіні киіз үйге ұқсайтын мұражай төбесінде тарихымыздан танымал 7 қолбасшысы батырдың атқа мінген бейнелері айналып тұрады. Сондай-ақ оның айналасында 4 батырдың атқа мінген мүсіні болады. Ал мұражайдың өзіне түрлі экспонаттар қойылады. Мұражай ата-бабаларымыз мұра етіп қалдырған ұлы даланың тарихын баяндайды. Мұндай кешеннің бүгінгі таңда әлемде теңдесі жоқ деуге толық негіз бар»,-деді С.Түгел.
Оның сөзінше, осы уақытта мұражайды салу бағытындағы жұмыстар басталып кетті. Алайда оны толық аяқтау үшін біраз уақыт қажет болады.
«Ең бастысы бұл бастама үкімет тарапынан қолдау тауып отыр»,-дейді қозғалыстың тең төрағасы.
Естеріңізге сала кетейік, «Ұлы дала қырандары» қоғамдық мәдени-әлеуметтік қозғалысы» республикалық қоғамдық бірлестігі өткен жылы құрылды. 2011 жылдың 12 қазаны күні Астанадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында 200-ге жуық делегаттың қатысуымен аталмыш қозғалыстың құрылтай жиыны өтіп, онда қозғалысты құруға қатысты көптеген құжаттар қабылданды. Осы құжаттар қабылданған соң 2012 жылдың 12 қаңтары күні Әділет министрлігінің қозғалысты заңды тіркеу туралы куәлігі берілді.