Кулагин Гранитный ауылының жылудан ажыратылуына кінәлілерді жауапқа тартуға уәде етті

None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының əкімі Сергей Кулагин Зеренді ауданының Гранитный ауылында болып, «Ардагер Неруд» ЖШС-нің жылу қазандығында жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарымен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Еске сала кетейік, өткен аптада аталған ауылдың жылу қазандығында төтенше жағдай орын алып, жылу беру бірнеше күнге уақытша тоқтатылған болатын. 

Осыған орай аймақ басшысының тапсырмасы бойынша келеңсіздікті жоюға облыс жəне аудан орталығындағы коммуналдық кәсіпорындардың 15 маманы жұмылдырылды, екі бу қазандығы орнатылды.

Облыс әкімі жылу орталығының басшысына  жылу желісін қымтап, жабу бойынша жұмыс жүргізуді тапсырды. Оған қоса, аймақ басшысы тұрғындармен кездесіп, төтенше жағдайға жол бергендерге қатысты шара қолданатынын атап өтті.

«Сіздердің жағдайларыңыз түсінікті, қазіргі кезде жылу берілді. Қыста осындай олқылықтарды болдырмау үшін қосымша екі қазандық орнаттық. Мектепті жөндеу мəселесін бақылауға алдық", - деп атап өтті С.Кулагин.