Құлан, қарақұйрық, қасқыр: Барсакелместе жабайы тіршілік қалай түрленді

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қызылорда облысының Арал ауданындағы Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығында күзгі санақ өтті.

Фото: Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығы

2025 жылмен салыстырғанда бірқатар жануар түрлерінің көбейгені байқалады. 

— Мәселен, дүниежүзілік Қызыл Кітапқа енген түркімен құланының саны 942 бастан 980 басқа, қарақұйрық 364 бастан 380 басқа жетті. Ал қоян 762 бастан 800 басқа дейін өскен. Сонымен қатар қасқыр, қабан, түлкі, шибөрі және басқа да түрлер бойынша көрсеткіш артқан. Құстар санағы бойынша 250 түр, оның ішінде Қызыл кітапқа енген 33, индикаторлық 17 түр есепке алынды, — деді қорықтың бас экологиялық ағарту инженері Алма Есенова.

Фото: Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығы

Ал шағыл мысығының саны 10 бастан 7 басқа дейін төмендеген. Мамандар мұны жануардың жасырын тіршілік етуімен байланыстырады.

— Сондықтан оның нақты санын анықтау оңай емес. Санақ барысында негізінен жануардың іздері мен визуалды бақылау, яғни көзбен көру арқылы алынған деректерге сүйене отырып болжамды саны есептеледі. Сондықтан айырмашылықты жануар санының нақты азаюы деп қабылдауға болмайды. Бұл — санақ кезінде анықталған болжамды көрсеткіш, — деді Алма Есенова.

Фото: Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығы

Көрсеткіштің өзгеруіне маусымдық қозғалыс, ауа райы, жануарлардың жасырыну ерекшелігі, бақылау жағдайы мен есепке алу әдістемесі әсер етуі мүмкін. Қорық аумағын мекендейтін сүтқоректі жануарлар санағы жыл сайын көктем және күз мезгілдерінде жүргізіледі. Негізгі мақсат — қорық аумағындағы жануарлар дүниесінің есебін анықтап, олардың популяциялық жағдайын бақылау, сондай-ақ өзгерісті салыстыру және биоалуантүрлілікті сақтауға бағытталған табиғатты қорғау шараларын ғылыми тұрғыда жоспарлау.

Фото: Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығы
Фото: Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығы

— Жылдық есептің негізгі көрсеткіші ретінде күзгі санақ нәтижесі алынады. Себебі күз мезгілі — жануарлардың көбею кезеңінен кейінгі популяциялық құрамын бағалауға қолайлы уақыт. Бұл кезеңде төлдер өсіп-жетіліп, жануарлардың жыл ішіндегі көбею нәтижесі белгілі бір деңгейде көрініс табады. Сонымен қатар күзгі санақ қысқы кезең қарсаңындағы жануарлар дүниесінің жағдайын бағалауға мүмкіндік береді. Осыған байланысты күзгі санақ қорытындысы жылдық есептің негізгі көрсеткіші ретінде қабылданып, басқа маусымдарда жүргізілген бақылау нәтижесі жануарлар санының өзгеру динамикасын, маусымдық қозғалысын және мекен ету ерекшеліктерін зерделеу үшін пайдаланылады. Жыл сайынғы санақ қорықтың жануарлар дүниесін зерттеу мен сақтаудың маңызды ғылыми негіздерінің бірі саналады, — деді маман.

Фото: Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығы

Еске салайық, Қаратау мемлекеттік табиғи қорығында сібір еліктері жергілікті табиғатқа бейімделіп, тұрақты популяция қалыптастыра бастады. Соңғы екі жылда аналық еліктердің төлдегені тіркелген.