Опырылған Ақбикеш мұнарасының қазіргі жағдайы қалай

Фото: Қазқайтажаңғырту

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Биыл қаңтар айында Түркістан облысы Созақ ауданы Ақсүмбе ауылындағы 6 ғасырдан астам тарихы бар «Ақбикеш» мұнарасының бір бөлігі құлап қалған еді.

Осыдан соң іле-шала опырылған мұнараны тексеретін жұмыс тобы құрылып, ескерткішті реставрациялау, консервациялау мүмкіндіктері қарастырылды.

Тарихи нысанды қалпына келтіру жұмыстарын жүргізген Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты «Қазқайтажаңарту» мекемесі Kazinform тілшісінің ресми сауалына жауап берді.

Фото: Қазқайтажаңғырту

Ведомствоның мәліметінше, «Ақбикеш» мұнарасына жүргізілген ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесінде ескерткіштің түпнұсқалық (тарихи) құрылымының толық сақталғаны расталған.

Сондай-ақ ескерткішті одан әрі сақтау мақсатында мұнараның контурын ішінара қайта жаңғыртуды және консервациялық жұмыс жүргізуді көздейтін жобалық шешім әзірленген.

Фото: Қазқайтажаңғырту

— Мұндай тәсіл реставрацияның белгіленген әдістеріне толық сәйкес келеді. Осыған байланысты мұнараның барлық сыртқы беттеріне консервациялық сылақ қолданылды, ол мұнара материалын одан әрі бұзылудан қорғауға мүмкіндік береді. Консервациялық сылақтың негізгі қызметтері ылғалдан, желден, аяз әсерінен болатын бұзылудан, шаңнан, тұздан, жаңбыр мен қардан қорғауға бағытталған. Сонымен қатар, консервациялық сылақ әлсіреген материалдарды тұрақтандырып, мұнара құрылымын нығайтады және материалдың үгітілуіне жол бермейді, — делінген мекеменің ұсынған жауабында.

Фото: Қазқайтажаңғырту

Қазіргі уақытта «Ақбикеш» мұнарасына мониторинг орнатылған. Оның нәтижесі талданып, соның негізінде ескерткішті одан әрі сақтау бойынша қосымша шаралар қабылданады.

Фото: Қазқайтажаңғырту

Бұдан бұрын Түркістан облысындағы тарихи ескерткіш құлап қалғанын жазған едік. 

Опырылған Ақбикеш мұнарасын тексеретін жұмыс тобы құрылды.

Арнайы құрылған комиссия мүшелері Созақ ауданындағы «Ақбикеш» мұнарасына барды

Фото: Қазқайтажаңғырту
Фото: Қазқайтажаңғырту
Фото: Қазқайтажаңғырту