«Күлдір-бүлдір» жобасының екінші маусымы басталды

Фото: None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ертең «Балапан» телеарнасында жас көрермендердің сүйіспеншілігіне бөленіп үлгерген «Күлдір-бүлдір» ситуациялық комедиясының екінші маусымы басталады. Әке мен бала арасындағы қызықты оқиғаларға негізделген бұл жобаның басты кейіпкерлерінің өмірде де әкелі-балалы екенін бірі білсе, бірі білмейді. Екінші маусымның тұсаукесері қарсаңында ҚазАқпарат тілшісі «Күлдір-бүлдірдің» бас кейіпкері Ғалым Махамбетовпен сұхбаттасқан еді.

- Ғалым аға, ұлыңыздың телевизия саласындағы алғашқы қадамы құтты болсын! «Күлдір-бүлдірдің» мұндай табысты бағдарлама болуының сыры неде? Негізгі идеясы қандай?

- Бұл жобаның негізгі идеясы - бала тәрбиесіндегі әкенің рөлін айшықтау. Қазіргі таңда көптеген әкелердің балаға уақыты болмай жатады немесе жұмыстан шаршап келіп, олармен сөйлесуге мұршасы жетпейді. Тіршіліктің қамы ғой. Бір жағынан қарасаң, жұмыс ешқашан бітпейді. Ал балаң күн санап өседі. Оның тәй-тәй басқанын, ең алғаш сөйлегенін, айналасын танудағы әсерін, тәтті қылықтарын, мінез-құлқындағы өзгерістерді назардан тыс қалдырмаңдар деген жоба бұл. Сюжет күлкілі оқиғалардан құралғанымен, әр серияның айтар тағылымы мол. Мысалы, қартқа күлме, кісінің затын рұқсатсыз алма, бала алдында байыппен сөйле, өтірік айтпа, өз тарихыңды біл, көршіңді құрметте, досыңды сыйла деген тәрбиелік мәні  бар. Ең бастысы, осындай мол тәлім-тағылымды бала теледидар алдында, еш қиындықсыз санасына сіңіре береді.  

- Іріктеуден қалай өттіңіздер? Әке мен баланың рөлге бірден қабылдануы сирек кездесетін оқиға.

- Негізі, бұл жобаға дейін де Расулдың шағын видеоблогын жүргізетінмін. Сол арқылы Инстаграм желісінде таныла бастадық. «Балапан» арнасының ұжымы сол видеоблогты бақылап жүріпті. Олар әке мен баланың қарым-қатынасы туралы отбасылық жоба түсіруді жоспарлап отыр екен. «Іздегенге - сұраған» дегендей, ойымыз бір жерден шықты. Қазіргі таңда «Күлдір-бүлдір» «Балапан» арнасының ең рейтингі жоғары, көрермендердің сұранысына ие, үздік жобасына айналды.

<" width="1" height="1" layout="responsive">

- Ұмытпасам, үш ұлдың әкесісіз. Ұл тәрбиесінде не нәрсеге мән берген жөн?

- Өзім ерте әке атаңдым. Ерте әке болсаң, балаңмен бірге есейесің деп жатады, мен Расулмен жігіттерше сөйлесемін. Содан болуы керек, Расул кейде үлкен адамдарша әңгіме айтады. Екінші ұлым Расулға қарағанда ұяңдау, кенжем әлі кішкентай. Әрине, қажет кезде еркелетемін, тыятын кезде, тыйып отырамын. Отбасыма көп көңіл бөлуге тырысамын және қанша шаршап тұрсам да баланың еркелігін көтеремін.

- Сұхбатыңыз үшін көп рахмет! Сәттілік тілеймін!

Соңғы жаңалықтар