Құлдыраудың түбіне жеттік, енді тек жоғары көтерілеміз - ҚР Шаңғымен тұғырдан секіру және шаңғы қоссайысы федерациясының президенті

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Біз құлдыраудың түбіне жеттік деп ойлаймын. Енді тек жоғары көтерілеміз. Алматыда шаңғымен тұғырдан секіруден өткен Әлем Кубогының екі күндік қысқы кезеңінің жарыстары аяқталған соң, журналистермен болған кездесуде ҚР Шаңғымен тұғырдан секіру және шаңғы қоссайысы федерациясының президенті Андрей Вервейкин осылай деді.

Естеріңізге сала кетелік, Халықаралық шаңғы спорты федерациясы (FIS) Әлем Кубогы қысқы кезеңінің екі күндік жарыстары 27-28 ақпанда Алматыдағы Халықаралық «Сұңқар» шаңғы тұғырлары кешенінде өткен болатын.

Қазақстанның атынан ағайынды Марат пен Радик Жаппаровтар, Константин Соколенко және Сабыржан Момынов өнер көрсеткен еді. Ал әйелдер арасындағы жарыстарға әзірге қыздарымыз қатысқан жоқ.

Алғашқы күнгі бәсекеде Марат Жаппаров 40-шы орынды иеленсе, екінші күнгі ақтық сында Сабыржан Момынов 50-ші орынға аяқ тіреді. Қалғандары іріктеуден өте алмады.

«Марат Жаппаровтың 40-шы орын алғанын жетістік деуге болады. Өйткені, ол бұған дейінгі кезеңдерде мұндай нәтиже көрсете алған жоқ еді. Ал Радик Жаппаров Әлем Кубогының Нижний Тагил қаласында өткен кезекті кезеңінде 31-ші орынды иеленді. Алғашқы отыздыққа ілінуге бір-ақ ұпайы жетпей қалды. Оның үстіне маусым да күрделі болды. Біз құлдыраудың түбіне жеттік деп ойлаймын. Енді тек жоғары көтерілеміз», - деді А. Вервейкин.

Ол сонымен қатар, 2017 жылы Алматыда өтетін қысқы Универсиадаға шаңғымен тұғырдан секіруден Қазақстан құрама командасы жаңартылған құрамда өнер көрсететіндігін айтты.

«Қазір бізде резерв бар. 16 жастағы спортшыларымыз шеберліктерін шыңдап жатыр. Олар алдыңғы қатарлы спортшыларымыздың деңгейіне жақындап қалды. Ал Универсиадаға қарай команда мүлдем жаңартылады. Әрине, сонда лайықты өнер көрсетуге тырысамыз», - деді А. Вервейкин.