Күлкі болу – өліммен тең - Сатирик жазушы, этнограф Сейіт Кенжеахметұлы

None
АНА. 1 сәуір. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - 1 сәуір - халықтың жақсы көретін күнінің бірі. Бұл күні замандастар бірін-бірі алдап, әзілдерін айтып, көңілдері жарқын болады.

Соңғы жылдары БАҚ-та күлкінің емдік қасиеті бар екені де айтылып жүр. Халқымыз «Әзілің жарасса, атаңмен ойна» деген. Әзіл айта білу де өнер. Адамдарды күлдіру мен өзгелерге күлкі болудың сыры тереңде жатқаны анық. Осы орайда танымал сатирик Сейіт Кенжеахметұлы күлкінің барлық қасиетін ашып берді.

- Адамды күлдіре білу оңай ма, жылату оңай ма?

- Ойланатын сөз, дегенмен адамды күлдіру оңай іс емес. Қазақта «ұйқы арсыз, күлкі арсыз, тамақ арсыз» деген ұғым бар. Демек, бұл үшеуінсіз адам өмір сүре алмайды. Мұндағы ұйқы мен тамақтың жөні белгілі. Ал күлкінің орны мүлде бөлек. Неге дейсіз ғой? Қазақ өте тілді халық. Оның әзілі мен мысқылы, қалжыңы мен қағытпа сөздері оқтан ұшқыр, сықағы сүйегіңнен өтетін өткір келеді. Тауып айтылған әзілге, мысқылға күлмейтін, оған түсінбейтін де адам болмайды. Ал, жылатуға келсек, күлкі болған адам бәрібір іштей жылайды. Олар көз жасымен емес, жанын жейді. Бұл жылағаннан да жаман. Әңгіме әдебиеттегі сатира, әдебиеттегі күлкі ғой. Олай болса біздің қазақ сықағына, халық күлкісіне қазір де Бейімбеттің мысқылы, Қалтайдың қалжыңы, Асқардың сықағы, Оспанханның әзіл-оспағы, Шонаның шымшымалары қажет болып тұр! Бұл әдебиетімізге де, оқырмандарымызға да ауадай қажет. Мұны ешкім бекер дей алмайды.

- Күлкінің салмағы қанша? Мәдениетті күлкі қандай болуы керек?

- Күлкінің салмағы да, әзілі де өте ауыр. Халық «Дұшпанның табасынан, достың күлкісінен сақта» деп тілеген тәңірісінен. Және күлкі болу бір сәттік емес қой, ол өмір бойы айтылып, халық жадында сақталып, сүйекке таңба болып қалатын қуатты күш екенін жұрт біледі. Білгендіктен де болар әр адам өткір сөзді, от ауызды, орақ тілді кісілерден ығып әрі сақтанып жүрген. Мысалы, Абайдың нағашылары Қонтай, Тонтайдан, Арқаның атақты сықақшысы Жолдастан, Жынды Ысқақтан жұрт әрі қорқып, әрі сақтанып жүрген. Өйткені олардың қылыштан да өткір тілі күні бүгінге дейін тоқтаған жоқ. Бұл оның салмағының басымдығы.

Ал, мәдениетті күлкіге келетін болсақ, ол әрине, әдемі сыпайы, жарасымды әзіл мен қалжыңның шаруасы. Қазақта белгілі төрт қалжың бар. Ол - нағашы мен жиеннің, құрдастардың, жезде мен балдыздың, жеңге мен қайнының қалжыңдары. Басқа да қалжың мен әзіл сәттер де бола береді ғой. «Әзілің жарасса, атаңмен ойна» дейді қазақ. Әзіл, қалжың жүрген жерде күлкі де жүреді. Міне, бұлар мәдениетті әрі ұтымды, әрі жарасты күлкілер ғой. Сондықтан да мұндай күлкілерді мәдениетті деп айтамыз.

Бұл кімге, қайда болса да өте қажетті күлкі. Ал, күлкі бар жерде бірлік, тірлік бар. Демек, күлкі - рухани өмірдің дәрісі. Мұндай пайдалы дәріні әркез пайдаланып отыру қажет.

- Сатира тілін түсінбейтіндер көбейіп бара жатқан жоқ па?

- Көбейіп бара жатыр. Қазақ тілі өте бай, оның ішінде әзіл-қалжыңға ұста халықпыз. Ең өкініштісі сол астарлап сөйлейтін сиқырлы сөзді былай қойғанда, қарапайым тілді түсінбейтін дөң мінезді, жат жұрттың тәлімін алған тәрбиесіздер, түйсіксіздер көп. Абай данышпан «ойын - арзан, күлкі - қымбат» деп еді ғой. Сол қымбат күлкі де арзандады. Түкке арзымайтын арзандар қымбаттады. Өзімізге ғана тән қазақы қалжыңдар ауылдық жерлерде бірен-саран ғана қалды. Ал, қалада туып не орыс бола алмай қалған, не қазақ бола алмай қалған мәңгүрттер сенің сиқырлы сықағыңды, қапыда соғар қалжыңның, әдепті әзіліңнің қадір-қасиетін қайдан білсін! «Әзілге түсінбеген - ақиқатты сүймейді» деген жазушы Тургенев.

- Күлкі тудыратын шығарманың философиялық тереңдігі қаншама?

- Күлкі тудыратын шығармалар күлкі үшін жазылмайды. Бірақ оның әшкерелеп отырған нысанасы шындық болған соң және соны көзімен көргендей етіп жеткізген соң күлесің.

Менің бұрыннан айтып жүрген «Күлдіре білу - өнер, күле білу - өмір, күлкі болу - өлім» деген сөзімді әдебиетте Үмбетбай Уайдин мен өнерде Құдайберген Сұлтанбай үнемі айтып жүреді. Себебі сатира жылымында өте терең философиялық ой жатады. Яғни, күлдіріп отырып, өлтіре сілейту. Қоғамдағы, өмірдегі көптеген әлеуметтік мәселелердің қылшығы мен былшығын, өтірігі мен өңезін, кесепаты мен қырсығын, адамының тойымсызы мен топасын, арамы мен арсызын қанын шығармай бауыздап, жанын шығармай өлтіріп, шешіндірмей жалаңаштап, көз алдыңа алып келеді. Еріксіз күлесің. Өйткені оларды танисың. Олар да өздерін бірден таниды. Танығандығы сондай сенің соңыңа шам емес, прожектор алып түседі.

Ең өкініштісі - ұтқыр әзіл, ұшқыр сөз, тағы басқа халықтық қалжың сиреп барады. Осындай қасиеттер, менің әріптестерім ренжімесін, сол жазушы сықақшылардың өздерінде де жетіспей жатады.

- Төбенің ықтасында түлкі жатады. Ал күлкінің астарында не жатады?

- Ең «қауіпті» күлкі осы астарлы күлкі дер едім. Бұл жай күлкі емес, мысқыл. Мысқыл күлкіге ұрынған адамның жайы да мүшкіл болады. Өйткені астарлы күлкінің үсті күлкі болғанмен, асты тереңге тартатып жылым сияқты тұңғиық. Ол тұңғиық тұншықтырады, өлімші етеді. Өлімші болғаннан өлген оңай. Өйткені «Ұяттан өлім күшті» деген аталы сөзіміз тағы бар емес пе?! Демек, астарлы күлкіде ұялту, масқаралау, ел бетіне қарай алмайтындай қылатын соққы бар. Күлкі болу деген жазаның бір түрі.

«Тілден асқан байлық жоқ». Айтып отырған осы күлкіміздің өзі тілге байланысты. Біздің халықтың «Тіземнен сүріндірсең де, тілімнен сүріндіре көрме» деген аталы сөзі бар. Ендеше, қазақ қылыштан сескенбесе де, өткір сөзден сескенген. Жаудан қорықпаса да, күлкі болудан қорыққан. Басын кестірсе де, тілін кестірмеген. Атқан оқтай аталы сөзге арсызы да тоқтаған. Әзілге ат мінгізген, күлкіге тай сыйлаған халықпыз.

Осы мінезіміз бен қасиетімізден, күлкімізден ешкім айыра алмаған. Жаратқан мүлкімізден айырса да, күлкімізден айырмасын деп тілейік. Бірақ күлкі болудан сақтасын!

- Әумин. Айтқаныңыз келсін!