Құлсары қаласында 300 отбасыға жаңа пәтер берілді

Фото: Фото: Атырау облысының әкімдігі

Атырау облысындағы Құлсары қаласында «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасымен салынған жаңа тұрғын үйлер пайдалануға берілді. Моноқалада тұратын 300 отбасы жаңа баспанаға ие болды, деп хабарлайды Kazinform.

Жаңа тұрғын үйлер Жылыой ауданының орталығы — Құлсары қаласындағы «Атырау» шағын ауданында бой көтерген. Алайда, облыс әкімі Серік Шапкеновтің айтуынша, оның құрылысы біразға созылған.

«Бұл тұрғын үй кешені құрылысының сапасы мен мерзіміне қатысты мәселе көп болуына байланысты жағдаймен жеке танысуды жөн көрдім. Жылыой ауданына келген сапарымның бірінде тұрғындар құрылыстың ұзаққа созылғанына ренішін білдірген еді. Содан кейін құрылысты тезірек аяқтау үшін тиістііс- шаралар қолға алынды. Қазір ойын алаңдары, жаяу жүргіншілер және көлік, тұраұ секілді инфрақұрылым желісі толығымен дайындалды», -деді Серік Шәпкенов.
Әкімнің пікірінше, енді пәтер иелері кооперативін құру, тұрғындарға құқықтық көмек көрсету қажет. Бейнебақылау камераларының санын көбейтіледі.

Фото: Атырау облысының әкімдігі

 

Тұрғын үйден пәтер алғандар қатарында көпбалалы ана Құралай Қоразова да бар. Ол үш бөлмелі пәтердің кілтін алуды бес жыл күткен.

«Он жылдан бері үй жалдаймын. Бес жыл бұрын кезекке тұрған едім. Енді міне, жаңа пәтерге ие болдым. Мұнда барлық қажет жағдай жасалған. Қуанып тұрмын», - дейді Құралай Қоразова.

Жылыой ауданының әкімі Жұмабек Қаражановтың мәліметінше, тұрғын үй кешенінің жалпы ауманы — шамамен 6,5 мың шаршы метр. Әр үйде 100, оның ішінде бір бөлмелі 25, екі бөлмелі 50 пәтер және үш бөлмелі 25 пәтер бар.

«Екі, үш бөлмелі пәтерлер 225 көпбалалы отбасыға, бір бөлмелі пәтерлер ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 15 балаға берілді. Жаңа үйлерден I және II топтағы мүгедектер, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, зейнеткерлер, созылмалы аурулары бар тұрғындар, толық емес отбасылар санатының әрқайсысына 13 пәтерден бөлінді. Ал, жауынгерлік іс-қимылдарға қатысқан үш ардагер де жаң пәтер алды», - деді Жұмабек Қаражанов.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Құлсары қаласында үш жыл салынған 75 орындық аурухана ашылғанын жазған едік.