Құлсары қаласында үш жыл салынған 75 орындық аурухана ашылды

Фото: Фото: Атырау облысының әкімдігі

Атырау облысының Құлсары қаласында үш жыл бұрын құрылысы басталған орталық аурухана пайдалануға берілді, деп хабарлайды Kazinform.

Құлсары – Жылыой ауданының орталығы әрі Атырау облысындағы жалғыз моноқала. Мұнда 65 мыңнан астам адам тұрады. 

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тұрғындарға сапалы медицина қызмет көрсету тапсырмасына сәйкес 2020 жылы Құлсары қаласында жаңа аурухананың құрылысы басталған еді. Аурухананың құрылысы үш жыл жүргізілді. Осы кезге дейін аудан тұрғындары дәрігерден ем алу үшін Атырау қаласына баратын еді. Жаңа ауруханының ашылуымен бұл қиындықтың бәрі ұмытылады. Аурухана заманауи құрал жабдықтармен қамтылды. Енді кадр мәселесін оңынан шешу үшін білікті дәрігерлерді тартуымыз қажет. Облыста қалаға жұмысқа келген мамандарға 3 млн, ауылдарға барған жас дәрігерлерге 5 млн теңгеге дейін бір реттік үстемеақы беріледі», - деді облыс әкімі Серік Шәпкенов. 

Жаңа ауруханада 55 орындық негізгі корпус, 10 орындық балалар және 10 орындық инфекциялық бөлімше бар. Емдеу орны МРТ, цифрлық рентген, соңғы үлгідегі УЗИ аппараты, ота жасауға арналған лапороскопиялық қондырғымен жабдықталған. Барлық палатаға көпфункционалды кереуеттер орнатылған. Сондай-ақ жаңа нысанда асхана ғимараты, 3 автокөлікке арналған гараж, трансформаторлық қосалқы станция, бақылау-өткізу пункті, медициналық қалдықтарды кәдеге жарату және қоқыс жинау нысаны салынған. Дербес дизельді электр стансасы, ауыз су резервуары бар. Нысанның бәрі санитарлық ережелер мен талаптарға сай, заманауи үлгіде салынған.