Құлсары көшелерінен 25 мың тоннадан астам тұрмыстық қалдық шығарылды

АТЫРАУ. KAZINFORM – Тасқын су басқан Құлсары қаласының көшелерінен 25 мың тоннадан астам тұрмыстық қалдық шығарылды.

Фото: Жылыой ауданының әкімдігі

«Жылыой Тазалық» ЖШС-нің директоры Бауыржан Абдрахмановтың айтуынша, «West Dala» ЖШС-дан қоқыс контейнерін таситын 2 арнайы көлік әкелінген. Ал, көшелерге әрқайсысының көлемі 8 мың текше метрлік 20 контейнер қойылған.

«Қазір коммуналдық кәсіпорынның қызметкерлері Құлсары қаласының екі ай бұрын су басқан көшелерінен тұрмыстық қалдықтарды шығаруды жалғастырып жатыр. Бұл жұмысқа кәсіпорынның 50 жұмысшысы, 20 арнайы техника тартылды. Тұрмыстық қалдықтар арнайы полигонға жеткізіледі. Арнайы комиссияның шешімімен апатты деп танылған үйлерді бұзу, кейбір баспананы жөндеу, қалпына келтіру жұмысы қолға алынған. Сол себептен, тұрмыстық қалдықтарды шығару жалғаса береді», - деді Бауыржан Абдрахманов. 

Фото: Жылыой ауданының әкімдігі

Оның айтуына қарағанда, «Атырау», «Жадырасын», «Автодорожник-2 шағын аудандары қоқыстан толық тазартылған. Енді 2-ауыл, 4-ауыл, «Автодорожник-1», «Достық» шағын аудандарынан қоқыс жинау жүргізіліп жатыр. 

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Құлсарыда жаңа тұрғын үйлердің қабырғасы қаланып жатқанын хабарлаған едік.