Құлсары тұрғындары лайланған ауыз су үшін тарифтің 50 пайызын ғана төлейді
АТЫРАУ. KAZINFORM – Құлсары қаласының тұрғындары лайланған ауыз су үшін тарифтің 50 пайызын ғана төлейтін болды.
«Жылыойсу» МКК директорының бірінші орынбасары Батыр Шәкірұлының айтуынша, Құлсары қаласы мен Жаңақаратон кентінде ауыз су лайланған.
«Осыған байланысты «Жылыойсу» мекемесі 15 мамырдан 1 маусым аралығындағы кезең үшін су ақысы есептемеуге шешім қабылдады. Мамыр айында жеке және заңды тұлғалардың тұтынған суы үшін тарифтың тек 50 пайыз мөлшерінде төлем есептелетін болады», - деді Батыр Шәкірұлы.
Ал, Жылыой аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұртас Қуатбаевтың пікірінше, сауда орындарының иелері құтыдағы су бағасын өсірмеуі қажет.
«Қазір Құлсары қаласында ауыз судың лайланды. Бұл ауыз сапасына әсер етіп отыр. Осы орайда ауыз суды тасымалдайтын, фильтрлі автоматтар арқылы тазалап және дүкендерде сатумен айналысатын кәсіпкерлерден бағаны көтермей, тұрақты ұстауын сұраймын», - деді Нұртас Қуатбаев.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Серік Шәпкенов Құлсары тұрғындары тұтынатын ауыз су сапасын жақсартуды тапсырғанын хабарлағанбыз.