Құлсарыда баспанасын қалпына келтіруге өтемақы алғандар саны 1100-ден асты

Фото: Фото: Александр Павский / Kazinform

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысындағы Құлсары қаласында баспанасын қалпына келтіруге өтемақы алған тұрғындар саны 1100-ден асты.

Атырау облысының жедел штабынан мәлім еткендей, Құлсары қаласында мобильді топ мүшелері тұрғындарға 2 583 үйге бағалау және техникалық зерделеу жұмыстарының қорытындысын таныстырған. 

«Қазір Құлсары қаласының 1 594 тұрғыны өтемақы алу туралы келісімшартқа қол қойды. Жергілікті 1165 тұрғынға өтемақы қаржысы төленді. Оның ішінде 722 тұрғын баспана сатып алу, 443 адам тұрғын үйін жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары үшін төлем алды», - деп хабарлады облыстық жедел штаб.

Құлсары қаласының тұрғыны Сегіз Бердіқұлов сарапшылардың бүлінген мүлікті бағалау қорытындысымен келісіп отыр. Сол себептен, енді Жылыой ауданының әкімдігіне жүгініп, өтемақыны ақшалай алғысы келеді. 

Ал, 5-учаске тұрғыны Қожантай Дәуітовке де бағалау комиссиясының қорытындысы берілген. 

«Тасқын судан бүлініп қалған мүліктерімді әділ бағаланды деп ойлаймын. Енді соған байланысты төленетін қаражатпен үйімді толық қалпына келтіруді ойластырып отырмын», - дейді Қожантай Дәуітов. 

Сондай-ақ, бүгін техникалық зерделеу қорытындысын қайта қарау басталған. Бұған тұрғындардың өтінішінде көрсетілген ескертулер себеп болған. 

Еске сала кетелік, бұған дейін Құлсарының 606 тұрғыны баспанасын қалпына келтіру үшін өтемақы алғанын жазған болатынбыз.