Құлсарыда су тасқынынан 325 кәсіпкерлік субъектісі зардап шеккен

Фото: Фото: Атырау облысының әкімдігі

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысының Құлсары қаласында су тасқынынан зардап шеккен 325 кәсіпкерлік субъектісі тіркеліп отыр.

Атырау облысының жедел штабынан мәлім еткендей, Құлсары қаласында тасқын судан бүлінген үйлер мен кәсіпкерлік нысандарға техникалық бағалау және сараптау жүргізетін 12 компания мен 57 маман тартылған. Арнайы комиссияға 40-қа жуық кәсіпкер тиісті құжаттарын тапсырған. 

«Қазір комиссия үш бағытта жұмыс істеп жатыр. Біріншісі – тауарлы-материалдық құндылықтарды, екіншісі – жылжымалы мүлікті бағалау, үшіншісі – құрал-жабдықтарға келтірілген шығынды өтеу. Бірінші бағытқа қатысты 135 өтініш берілді. Осыған байланысты мамандар мемлекеттік кірістер департаментімен бірге өтемақыларды есептеуді қолға алды. Өтемақы төлеуге 52 кәсіпкерге сот сараптамасы берілді», - деп хабарлады облыстық жедел штаб. 

Ал, жылжымайтын мүлкі бүлінген кәсіпкерлер саны – 137. Қазір 9 нысанға техникалық байқау жұмысы жалғасып жатыр. Кәсіпкерлердің 128 нысанына техникалық байқау қорытындысы дайындалды. 

Шағын және орта бизнес өкілдерінің 15 нысаны апатты жағдайда деп танылған. Енді бұл нысандар бұзылуға тиіс. Ал, 14 нысанға ⁠⁠күрделі жөндеу жүргізу қажет. Сондай-ақ, 97 нысанға ағымдағы жөндеу қажеттігі анықталды. Оның ішінде 44 нысан бойынша сметалық құжаттамалар жасалған. 

«Жылжымалы мүлкі мен жабдықтары бүлінген кәсіпкерлер саны – 119. Осыған орай кәсіпкерлердің 15 өтінішіне сәйкес сараптау, бағалау жұмыстары аяқталды. Ал, 104 өтініш әлі қаралып жатыр», - деп мәлім етті облыстық штабтан.

Еске сала кетелік, бұған дейін Құлсары тұрғындары су тасқынынан бүлінген үйлерін жөндеуді қолға алғанын жазған едік.