Құлсарыда жоғалып кеткен екінші адамның мүрдесі табылды

Фото: Фото: Атырау облыстық ТЖД

АТЫРАУ. KAZINFORM – Бүгін Құлсарыда жоғалып кеткен екінші адамның мүрдесі табылды. Атырау облыстық төтеше жағдайлар департаментінен мәлім еткендей, мүрденің тасқын судың астында жатқаны анықталған. 

«Бүгін, 14 сәуірде сағат 13:40-та 2000 жылғы ер адамның мүрдесі тұрғын үйінен 1 шақырым қашықтықтан табылды. Мүрде тасқын судың астында 1,5 метр тереңдіктен табылды», - деп мәлім етті департаменттің қоғаммен байланыс тобы. 

Бұған дейін су басқан Құлсарыдан бір адамның мүрдесі табылғанын жазған болатынбыз. 

Құлсары қаласында 6 сәуірде әкесі мен баласы бірге жоғалып кеткен еді. Әкесі 1976 жылғы, ал бала 2000 жылы туған. Олар рұқсат ету құжатынсыз су басқан тұрғын үйін қарау үшін барған. Алайда, олар эвакуациялық пунктіге кері оралмаған. Сол күннен бері жоғалып кеткен әкесі мен баласын іздеу тоқтаған жоқ. 

Іздестіру жұмыстарына 40 қызметкер, 6 жүзу құралы, 1 бірлік техника жұмылдырылды.