Құлсарыда жол апатынан зардап шеккен 5 адам ауруханаға жеткізілді

Фото: Фото: Kazinform

АТЫРАУ. KAZINFORM — Жылыой ауданының орталығы — Құлсары қаласында 2 көлік соқтығысып, 5 адам орталық ауруханаға түсті. Зардап шеккендердің 1-еуі облыстық ауруханаға жіберіліп, 2-екеуі амбулаторлық бақылауға алынды. 

Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі растаған ақпаратқа қарағанда, кеше, 17 сәуірде болған жол-көлік оқиғасынан кейін Жылыой аудандық орталық ауруханасына 5 адам жеткізілген.

— Жол апатынан зардап шеккен 2005 және 2006 жылғы азаматтар медициналық көмек алғаннан кейін түрлі емдеу тактикасына сәйкес тиісті медициналық мекемелерге жіберілді. Олар амбулаторлық бақылауға алынды. Бір адамды облыстық ауруханаға жіберуге шешім қабылданды. Тағы бір науқас — 1983 жылғы әйелдің қазір жағдайы тұрақты ауыр деп бағаланып отыр. Ал 2007 жылы туған жасөспірім динамикалық бақылауға алынды. Науқастарға барлық қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр, - деп мәлім басқарманың баспасөз қызметі.

Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, жол оқиғасы кеше, 17 сәуірде Құлсары қаласында болған.

Түнгі сағат 02:10 шамасында Hyundai Elantra-ны айдап келе жатқан 2005 жылғы жүргізуші Toyota Camry және ВАЗ-2115 көліктерімен соқтығысқан.

Жол-көлік оқиғасының салдарынан 2 көліктің жүргізушілері мен 3 жолаушы түрлі дене жарақаттарымен Жылыой аудандық ауруханасына жеткізілген. Toyota Camry көлігінің рульінде 2007 жылғы жасөспірім болған.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында бір күнде жол апатынан 5 адам мерт болғанын жазған болатынбыз.