Ең алдымен, қалада су сору жұмыстары жалғасуда. 18 сәуірдегі жағдай бойынша 10 мың текше метрден астам су сорылды, ал сорылған судың жалпы көлемі 521 мың текше метрді құрайды.
«Сондай-ақ Құлсары қаласында еріген қар суы сорылған аумақтарды дезинфекциялау жұмыстары басталды. Жылыой ауданының бас санитарлық дәрігерінің ақпараты бойынша, №2 және Новостройка шағын аудандарында аула аумақтары мен кіреберістерді өңдеу жұмыстары аяқталды. 18 сәуірде Достық шағын ауданындағы №19 орта мектеп, №3 60 пәтерлі үй, сондай-ақ аудандық сот ғимараттары, Бейсенқұлов көшесіндегі үйлер электр қуатына қосылды. Бүгіннен бастап Құлсары қаласының орталық аудандық ауруханасы өз жұмысын жандандырды», - деді спикер.Су тасқынынан зардап шеккендерге біржолғы материалдық көмек төлеу жалғасуда. 18 сәуірдегі жағдай бойынша 3137 өтініш қабылданды. 1324 отбасы төлем алды.