Құлсарыдағы жарылысқа дейін 21 жанармай бекетінде заңбұзушылық тіркелген — Прокуратура

Фото: Мақсат Шағырбаев/ Kazinform

АТЫРАУ. KAZINFORM — биыл 30 мамырда Атырау облысы Жылыой ауданы, Құлсары қаласындағы «Ниет-3» жанар-жағармай және газ құю бекетінде орын алған жарылыстан 14 адам зардап шегіп, 2 адам қаза тапқан болатын. 

Осы оқиға бойынша қылмыстық іс тіркеліп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталған еді. Аталған оқиғаға байланысты Kazinform агенттігі оқиғаның мән-жайын анықтау мақсатында Атырау облысының прокуратурасына ресми сауал жолдады. 

Ведомство ұсынған жауапқа сәйкес, жарылысқа дейін де жанармай құю бекеттеріндегі заң талаптарының сақталуына қатысты бірқатар талдау жұмыстары жүргізілген.

— Биыл сәуір айында аудан прокуратурасы өнеркәсіп объектілері, оның ішінде газ құю станциялары бойынша өнеркәсіптік қауіпсіздік және санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуын зерделеп, анықталған заң бұзушылықтар негізінде 28.04.2025 жылы Жылыой ауданы әкімдігіне заңдылықты бұзуды жою туралы ұсыныс енгізілді, — делінген прокуратура ұсынған ресми құжатта.

Тексерулер нәтижесінде Жылыой аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы жанар-жағармай бекеттерінде жоспардан тыс 16 тексеру жүргізіп, 22 объекті бойынша Әкімшілік кодекстің 425-бабы (Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнаманы бұзу) және 463-бабы (Рұқсаттар мен хабарламалар туралы заңнаманы бұзу) негізінде 21 әкімшілік құқық бұзушылық фактісі бойынша хаттама толтырылған.

Сонымен қатар қазіргі таңда Атырау облысының Төтенше жағдайлар департаментінің Өнеркәсіптік қауіпсіздік басқармасы тарапынан жанармай құю бекеттерінде өнеркәсіптік қауіпсіздік қағидаларының сақталуына тексеріс жүргізіліп жатыр.

— Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру Атырау облыстық полиция департаментімен жалғасып жатыр. Күдікті тұлғаға қатысты бұлтартпау шарасы ретінде «үйқамақ» қолданылды. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, өзге ақпараттар жариялануға жатпайды, — деп нақтылады прокуратурадан.

Бұған дейін Атырау облысы Құлсары қаласында жанармай бекетіндегі жарылысқа қатысты аудандық полиция бөлімі қылмыстық іс қозғап, кешенді тергеу амалдарын басталғанын жазғанбыз.