Құлсарыдан көшірілген тұрғындар Ақтаудағы 17 нысанға орналасты
АҚТАУ. KAZINFORM — Атырау облысының Жылыой ауданында болған су тасқынынан кейін Бейнеуге 18 мыңнан астам адам автокөлікпен жеткізілді.
Төтенше жағдай кезінде аудан орталығы Құлсары қаласынан Маңғыстауға 18 391 адам тасымалғанғаны ресми айтылды. Бұл әзірге белгілі болған көрсеткіш қана.
Алда өңірге көшірілген адамдар саны тағы артатыны болжанып отыр.
Атырау облысынан келген тұрғындардың ішінде 2 мыңға жуық адам Ақтаудағы мектеп пен жатақханаларға орналасты.
Қазіргі уақытта Жылыой ауданының тұрғындары Ақтау қаласындағы 17 нысанда тұрып жатыр.
Олардың алды № 6, 8, 10, 14, 19, 21, 22, 23, 25, 29 мектептерге және 15 шағын аудандағы ІТ мектеп-лицейіне жайғасты.
Аталған білім ошақтарының әрқайсысында 60-тан 100-ге дейін адамдар паналап отыр.
Сонымен бірге, облыс орталығындағы 500 және 100 орындық студенттер жатақханасы тұрғындарға уақытша тұруға берілді.
Ақтаудағы № 10 мектепке Құлсарыдан көшірілген 85 тұрғын келіп орналасты. Оларға қазіргі уақытта еріктілер көмектесіп жатыр.
Мектеп директорының міндетін атқарушы Нәзира Сәндібекқызы су тасқынынан зардап шеккендер алдағы күнде бөлініп, бөлек бөлмелерден орын берілетінін атады.
«№ 10 мектепке 84 адам келді. Оның арасында онға тарта адам үйге шықты. Жалпы Құлсарыдан эвакуацияланған адамдар бізге таңертең келді. Қажетті азық-түлікті жастар орталығының еріктілері жеткізіп жатыр. Асты әзірлеушілердің дені мұғалімдер. Ерікті ретінде жоғары сынып оқушылары жұмылды. Бізде лагерьге арналған төсек-орын жеткілікті. Тасқын зардабын тартқан отандастарымызға барынша қолдау көрсетіп, қолдан келген көмекті көрсетіп жатырмыз, — деді Нәзира Сәндібекқызы.
№ 10 мектептің оқушысы Бүркітбай Аманкелді сыныптастарымен бірге көмектесіп жатқанын жеткізді. Ол қиыншылыққа тап болған тұрғындарға ерікті ретінде көмектесуге бел буған.
«Осы мектепте 10-сыныпта оқимын. Атырау облысында болған су тасқынына байланысты мектептегі эвакуациланған адамдарға көмектесіп жатқан жайымыз бар. Осындай сәтте бір-бірімізді қолдауымыз керек деп ойлаймын. Келген адамдар жайғасып, киіз үйде тамақтанды. Сыныптарымызбен бірге біз қажетті заттарды тасып, сауапты іс жасап жатырмыз. Бұл біз үшін жауапты іс деп санаймын, — деді ерікті Бүркітбай Амангелді.
Ақтауда тағы бір эвакуациялық пункт № 14 мектепте орын тепкен. Мектеп басшысының сөзінше, үйін су басып, көңілі күпті болған ағайынға жауапты тарап барынша қолдау көрсетуге тырысады.
«№ 14 мектепке Жылыой ауданынан келген 86 адам орналасты. Оларға шағын аудан бойынша еріктілер көмектесіп жатыр. Осы орайда еріктілер саны жеткілікті екенін ерекше атауға болады. Жастар су тасқыны болған аймақтан келгендерге қажетті заттарды тасуда, өзге де міндеттері атқаруда көп көмектесіп жатыр», — деді мектеп директорының міндетін атқарушы Амангүл Жылгелдиева.
Еріктілер төтенше жағдай кезінде әлеуметтік нысан алдына киіз үй тігіп, отын жарса, бірі дүкеннен азық-түлік, дәріханадан дәрі-дәрмек те тасып жүр.
Бұл орайда Маңғыстау облыстық жастар саясаты басқармасы да еріктілердің қайырымдылық ісіне ат салысып жатқанын айтып отыр.
Бұдан бөлек, төтенше жағдай кезінде Құлсары қаласынан 1678 мектеп оқушысы Маңғыстау облысына келді. Эвакуацияланған балалардың барлығы өңірдегі білім беру ұйымдарына тіркеліп үлгерді.
Оның ішінде Ақтау қаласында — 374 оқушы, Бейнеуде — 1098 оқушы, Жаңаөзен қаласына — 65 оқушы және Қарақияда — 38 оқушы, Маңғыстауда — 41 оқушы, Мұнайлыда — 53 оқушы, Түпқараған ауданында — 9 оқушы есепке алынды.
«7 сәуір күні оқушылар түгел сабаққа қатысты. Оқушылар 52 мектепке бекітілді. Оның ішінде, 1618 оқушы қашықтықтан, 49 оқушы дәстүрлі форматта білім алуда. Аталған мәселеге байланысты қашықтықтан оқыту сабақтары ZOOM желісі арқылы өтеді. Онлайн оқыту форматы биыл 8-12 сәуір аралығында жүргізіледі. Ал, өзгерістер қосымша хабарланып отыратын болады. Оқушыларға қажеттілігіне қарай кеңсе тауарлары, оқулықтар таратылды», — деді облыстық білім басқармасының өкілдері.
Ақтауға көшірілген Құлсары тұрғындарының жайы жергілікті әкімдік тарапынан назарға алынып, олардың қауіпсіздігіне де ерекше мән беріліп отыр. Қала әкімі Ұлықбек Тналиев жатақханаға эвакуацияланған азаматтармен кездесіп, хал-жағдайын білгенін айтты.
«Қазіргі таңда баршамыз бірігіп елімізге, бір-бірімізге көмектесуіміз керек. Облыста Боранқұл ауылы, Бейнеу, Шетпе, Мұнайлы ауданында және Ақтау қаласында арнайы эвакуациялық пункттер ұйымдастырылды.Белсенді азаматтар, демеушілер мен кәсіпкерлер өз көмегін беруде. Біз елмен біргеміз, — деді Ұлықбек Тналиев.
Айта кететін жайт, су тасқыны бойынша Атырау облысынан эвакуацияланған адамдардың сұрақтарына жауапты call-center тәулік бойы жұмыс істеп тұр.
CALL орталық байланыс номерлері:
- 8 (7292) 33 65 04
- +7 (775-10) 0-95-78
Сондай-ақ, облыс орталығына эвакуациаланған адамдардың артуына байланысты базарлардағы азық-түлік бағасына мониторинг жұмыстары жүргізіліп отырмақ.
Ақтау қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Зухра Бермаганбетова күнделікті қаладағы базарлар мен сауда орындарының бағаларына мониторинг жүргізілетінін алға тартты.
Қазіргі уақытта Маңғыстау облысында гуманитарлық көмек жинап, оны Бейнеу ауданында қоныстанған Құлсары тұрғындарына жеткізу қолға алынған.
Осы орайда Маңғыстау облыс облыстық жастар ресурстық орталығында гуманитарлық көмек жиналып жатыр.
Қазіргі уақытқа дейін жергілікті желі белсенділері, кәсіпкерлер, қала тұрғындары мен ҮЕҰ өкілдері, Әзербайжан елшілігі гуманитарлық көмек табыстады.
Қазіргі таңда орталықта 20-дан аса ерікті бар.
Бұған дейін Атырау облысынан Маңғыстауға көшірілген тұрғындар саны артып жатқаны мәлім болды.
Сондай-ақ, Жаңаөзен қаласынан көмек бригадасы Құлсарыға жолға шықты.