Құлсарыға көмекке барған сарыағаштық шаштараз құтқарушылардың шашын тегін қиған

Фото: Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM - Қанағат елді мекенінің тұрғыны, шаштараз Салют Пірімқұлов су тасқыны кезінде Құлсарыға көмекке барып, сол аймақтағы құтқарушылар мен жергілікті тұрғындардың шашын тегін қиған.

Ерікті азамат сондай-ақ әскери бөлімшелерге де барып, қатардағы жауынгерлерге қызмет көрсеткен. Өз кезегінде құлсарылықтар Түркістан облысының тұрғынына алғыстарын жеткізген. 

«Үйде жата алмадым. Су тасқынымен күресіп, әбігерге түсіп жатқан халыққа қолымнан келгенше көмек бергім келді. Содан заттарымды жинап, жолға шығып кеттім», - дейді шаштараз. 

Салют Пірімқұлов Құлсары қаласында 20 шақты күн болған. Сол күндері таңертең ертемен жұмысқа шығып, кешкісін қас қарая қайтып жүрген. Күнделікті 20-25 құтқарушы мен қала тұрғындарының шашын алған. 

«Анам жас кезімнен еңбекке баулып өсірді. «Ешкімнің ала жібін аттама», «Қайырымдылық жасасаң қайырын көресің» деп қайырымдылыққа үйретті. Сондықтан әрдайым қайырымдылық жасап, көмек беруге асығып тұрамын. Кішкентайымнан шаш қысқартатын кәсіп иелерінің қасында жүріп, шаш алуды үйреніп алдым», - дейді ол. 

Салют Пірімқұловты сарыағаштықтар жақсы таниды. 30 жылдан астам еңбек өтілі бар азамат та келген клиенттерінің көңілінен шығатындай етіп шашын қысқартып беріп отырған. Ақысы да арзан. Тіпті, кей кездері тұтынушыларының бергенін алады. Ал, ақшасы жоқ болса, тегін қызмет көрсетуге әзір. 

«Еңбек әрбір адамды биікке көтереді. Әлеуметтік жағдайын жақсартады. Қоғамға бейімдейді. Тәулік бойы тынымсыз еңбек етуімнің арқасында менің де абыройым асқақтап отыр. Сондықтан баршаңызды ел үшін емірене еңбек етуге шақырамын», - дейді Салют Пірімқұлов. 

Айта кетерлігі, Түркістан облысынан су тасқыны болған аймақтарға Төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары мен ерікті азаматтар, белсенді жастар және 100-ден аса техника, сондай-ақ гуманитарлық көмектер жөнелтілген болатын.