Құлсарылық 146 бала лагерьге демалуға жіберілді

Фото: Фото: Жетісу облысы білім басқармасынан

АТЫРАУ. KAZINFORM – Құлсары қаласындағы су тасқынынан зардап шеккен отбасылардың 146 баласы оқу-сауықтыру лагерінде демалып жүр. 

Жылыой аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Гүлжансара Қалиқызының айтуынша, Оқу-ағарту министрлігі мектеп жасындағы балалардың «Балдәурен» оқу-сауықтыру лагерінде демалуына қолдау көрсеткен.

«Жылыой ауданынан 4 мамырда 146 оқушы демалыс лагеріне жіберілді. Олар 20 күн демалады. Қазір оқушылар Түркістан, Балқаш, Щучинск қалаларында және Бурабайда әрі демалып, әрі оқуын жалғастырып жүр. Маусым айында тағы 35 оқушыны аталған демалыс орнына жіберу жоспарланып отыр», - деді Гүлжансара Қалиқызы.

Оның айтуынша, су тасқынынан зардап шеккен және эвакуацияланған отбасылардың балаларын оқу-сауықтыру, демалу лагеріне жіберу жалғасын табады.

Еске сала кетелік, бұған дейін Құлсары қаласында тұратын 3 мыңнан астам оқушы жазғы лагерьлерде демалатынын хабарлаған едік.