Құлсарының 606 тұрғыны баспанасын қалпына келтіру үшін өтемақы алды

Фото: Фото: Атырау облыстық әкімдігі

АТЫРАУ. KAZINFORM – Құлсары қаласында тасқын судан зардап шеккен 606 тұрғын баспанасын қалпына келтіру үшін өтемақыны алды.

Атырау облысы жедел штабының дерегіне сүйенсек, Құлсары қаласындағы мобильдік топтар тұрғындарға 1667 үйді бағалау және техникалық тексерудің қорытындысын таныстырған. 

Бағалау қорытындысын алған 1164 тұрғын өтемақы туралы келісімшартқа қол қойып отыр. Оның ішінде 606 тұрғынға өтемақы берілген. 

Өтемақы алу туралы келісімшартқа қол қойғанның бірі Жанаргүл Артығалиеваның үйі апатты деп танылған. Соған байланысты оған үйін толық бұзу ұсынылды.

«Екі комиссияның мамандары келіп, техникалық сараптама мен бағалау жүргізді. Содан кейін мобильдік топ бағалау қорытындысымен таныстырды. Маған ұсынылған өтемақы көлемімен келістім. Сондықтан, келісімшарт жасадық», -дейді Жанаргүл Артығалиева.

Ал, зейнеткер Дабыл Ахметов те бүлінген мүлкін бағалау нәтижесімен танысқан. Өтемақы алу үшін әкімдікпен келісімшартқа қол қойғанын айтады. 

«Су басқан үйімді әділ бағаланды. Енді біздің қаламызда мұндай су тасқыны болмайды деп сенемін», — дейді Дабыл Ахметов.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Құлсары тұрғындарына өлген мал үшін 123,8 млн теңге өтемақы төленгенін хабардар еткен едік.