Құлсары қаласындағы төбелестен соң үш күдікті қамауға алынды
Құлсары – Жылыой ауданының орталығы болғанымен, Атырау облысындағы жалғыз моноқала. Қазір 65 мыңнан астам тұрғыны бар моноқала бірнеше шағын аудан мен ауылға бөлінген.
Төбелес туралы әлеуметтік желіде видео жүктелді.
Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің растаған ақпаратқа қарағанда, түн ортасындағы төбелес 19-20 жастағы жігіттер арасында болған.
«Түнгі сағат 03:00 шамасындағы төбелестен 2004 жылғы жігіт түрлі дене жарақатын алған. Төбелеске қатысып, құқық бұзушылыққа жол берген барлық жігіт анықталып, ұсталды. Күдікті ретінде 2003 және 2004 жылғы үш күдікті қамауға алынды» деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Жылыой аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері ҚР Қылмыстық кодексінің 106-бабының 2-бөлігімен (Денсаулыққа қасақана ауыр дене жарақатын салу) және 293-баппен (Бұзақылық) сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Өзге ақпарат ҚР Қылмыстық процестік кодексінің 201-бабына сәйкес жариялауға жатпайды.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда полицияға қарсылық көрсеткен 5 жігіт қамауға алынғанын хабарлаған едік.
Учаскелік полиция инспекторлары қарсылық көрсеткен 1985, 1986, 1987, 1988 және 1991 жылғы жігіттерге қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабының 1, 2-бөлімдерімен 667-бабының 1-бөлімімен әкімшілік хаттама толтырылды. Жинақталған іс құжаттары сотқа жолданды. Сот шешімімен кінәлілерге 5 күннен 20 күнге дейін әкімшілік қамауға алу жазасы тағайындалды.