«Күлше-қыз» ертегісі 65 жылдан кейін қазақ тіліне аударылды
«Disney» анимациялық фильмнің «Күлше-қыз» ертегісі - кинематография тарихындағы ірі фильмдердің бірі. Оның жасалуына Уолт Дисней өзі қатысқан. Бүгінгі күні «Disney» компаниясы мен «Қазақстан» Республикалық телерадиокорпорациясы ынтымақтастығының арқасында қазақстандық көрермендер осынау тамаша анимациялық фильмді қазақ тілінде көре алады», - деді «Уолт Дисней Компани СНГ» ААҚ бас директоры Марина Жигалова-Озкан.
13 кейіпкер және олардың бейнесіндегі қазақстандық актерлар бойжеткеннің басынан өткен сезімге толы, әдемі хикаясын баяндайды. Айта кететін жайт, түпнұсқада 9 актер болса, олардың екеуі кейіпкер-адамдарды сөйлетіп қана қоймай, сонымен қатар 2 тышқанды да сөйлетті. «Күлше-қыз» көп жобалардың бірі болып қана қоймай, «Қазақстан» Корпорациясының кинокөрсетілім және дубляж бөлімінің жұмыс тобына берілген зор мүмкіндік болды. «Күлше-қыз» музыкалық мультфильм. Көптеген әдемі композицияларға толы, оларды тиісті түрде орындау міндеті бізге жүктелді. Сондықтан Астана қаласы әкімдігінің мемлекеттік филармониясының камералық хорын қатыстырдық», - деді «Қазақстан» РТРК кинокөрсетілім және дубляж бөлімінің бастығы Гүлнәр Рахимова. Көркемдік жетекші және дирижер Гүлмира Құттыбадамованың бастамасымен ұжым төрт композицияны орындады. Атап өтетін маңызды жайттардың бірі, «Қазақстан» арнасының ұжымы ТМД аумағында бірінші болып, «Күлше-қыз» ертегісінің дубляжына кәсіби хорды қатыстырды. «Күлше-қыз» мультфильмі хормен Мәскеуде де дыбысталмаған. Сол күйі ағылшын хоры пайдаланылған», - дейді дубляж режиссері Рита Әбішева. «Күлше-қыз» анимациялық фильммен жұмыс жасау тек «Қазақстан» РТРК ұжымы үшін ғана емес, бұл үдерістің барлық қатысушыларын елең еткізген ірі оқиға болды. «Күлше-қыз» ертегісі көптеген танымал актерлердің басын біріктірді. Қызықты тарихтың кейіпкерлерін Айнұр Бермұхамбетова, Данияр Сванқұлов, Гүлжан Әбдібаева дыбыстады. Театр және кино актрисасы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Лейла Ханинга-Бекназар алғаш рет өзін эпизодтық рөлдегі дубляжда сынап көрді. 8-наурыз күні «The Walt Disney Company» мультимедиялық империяның классикалық шығармасы қазақ тілінде «Қазақстан» телеарнасының эфирінде сағат 16.45-те көрсетіледі. 9-наурыз күні сағат 13.10-де қайталауы көрсетіледі. «Қазақстан» РТРК және «Walt Disney» компаниясының ынтымақтастығы 2012 жылы басталды. Бұдан бұрын ұлттық телеарнаның эфирінен «Тачки 2», «Монстрлар университеті», «Немоны іздеу» мультфильмдері қазақ тілінде көрсетілді.