«Күлтегін - 2010» мейрамы басталды

АСТАНА. Мамырдың 13-і. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Бүгін Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде дәстүрлі «Күлтегін - 2010» мейрамы басталды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Университет ұжымы бұл мерекені «Еуразия шапағаты» атты қайырымдылық акциясынан бастады. Бүгін жоғары оқу орнының өнерпаздары Первомайка кентіндегі Балалар үйіне барып, концерт қойып, ата-анасыз қалған бүлдіршіндерге сый-сыяпаттар жасады. Университет деканы Нұрболат Жәйшібековтың айтуынша, «Күлтегін» мейрамы басталғанға дейін ұстаздар мен студенттер қайырымдылық акциясына қажетті қаражатты өз еріктерімен жинап, ол ақшаға балаларға спорттық және кеңсе заттары, сондай-ақ тәтті тағамдар сатып алынды. «Первомайкадағы Балалар үйінде 4 жастан 18 жасқа дейінгі балалар тәрбиеленуде. Біз олардың физиологиялық және ойлау қабілеттін дамытатын Лего ойыншықтарын, шахмат, теннис, футбол және волейбол доптарын сыйлап, көңіл-күйлерін көтеретін арнайы концерттік қойылымдарды ұйымдастырып отырмыз», - дейді Н.Жәшібеков.

Айта кетейік, Еуразия ұлттық университетінің құрылған күніне арналған «Күлтегін» мейрамы аясында сан алуан мерекелік іс-шараларды ұйымдастыру жоспарланып отыр.