Құлжа тас жолындағы бұрылыстардың бірінде көлік қозғалысы шектеледі

Алматыда инженерлік желілерді қайта құру жұмыстарына байланысты Құлжа тас жолының бойындағы №8 бұрылыста көлік қозғалысы екі аптаға жуық уақытқа жабылады, деп хабарлайды  Kazinform. 

Фото: Kazinform

Алматы әкімдігінің мәліметінше, «Бұқтырма көшесі мен Құлжа тас жолы қиылысындағы жолайрық құрылысы» жобасы аясында инженерлік желілерді қайта құру жұмыстарының жүргізілуіне байланысты 25 қазан сағат 23:00-ден 7 қараша сағат 18:00-ге дейін Құлжа тас жолындағы №8 бұрылыста көлік қозғалысы толығымен шектеледі. 

«Жабық жол бөлігін Алатау трассасы бойынша Гүлдала ауылына шығып, Рысқұлов даңғылы мен Құлжа тас жолы қиылысындағы жолайрықтан бұрылып Гүлдала ауылына қарай шығатын эстакада арқылы айналып өтуге болады», - деп хабарлады әкімдіктен. 

Бүгінде осы жоба аясында Құлжа трактісі бойынша эстакаданың аралық құрылысын, Бұқтырма көшесіндегі тоннель бөлікті, съездер мен түйіспелерді салу бойынша жұмыстар аяқталды, ал бұл көлік торабының өткізу қабілетін бес есеге арттырады.