Мектепке дейінгі білім беру мекемесі мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында бой көтерді. «Ақ қайың» балабақшасында бюджеттік 7 топ тәрбиеленеді. Бүлдіршіндермен 48 педагог жұмыс істейді.
«Егоров қоймалары» ЖШС ауданы 2 мың шаршы метрден асатын балабақшаның құрылысына ағымдағы жылдың ақпан айында кіріскен болатын. Жобаның құны 500 миллион теңгені құрады.
«Бұл - үшінші балабақшамыз. Олардың барлығы Мемлекет басшысының саясатының арқасында қабылданған мемлекеттік-жекешелік әріптестік бағдарламасы бойынша салынды. Мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің пайдасы туралы кәсіпкерлерге бірнеше рет айтқанмын. Мемлекет қажетті жағдайдың бәрін жасады. Егер Петропавлға тағы да балабақша қажет болса, біз салып беруге дайынбыз», - дейді компанияның директоры Гарик Бернецян.
Сотүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов балалар мен ата-аналарды жаңа балабақшаның ашылуымен құттықтап, өңірде ҚР Президентінің 2019 жылға дейін мектепке дейінгі білім беру мекемесімен толық қамту жөніндегі тапсырмасы мерзімінен бұрын орындалғанын атап өтті.
«Осы балабақшаның ашылуымен енді Солтүстік Қазақстанда 3-6 жас аралығындағы барша балаға орындар жеткілікті болды», - деді Құмар Ақсақалов.