Құмар ойындарға қатысуға тыйым салынатын азаматтардың тізбесі кеңейтілді – Мәулен Әшімбаев
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау, ойын бизнесі және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы екі оқылымда қаралып, мақұлданды.
Заң денсаулық сақтау саласындағы заңнамалық реттеуді жетілдіру, ойын бизнесі саласындағы жарнамалық қызметті реттеуді оңтайландыру, құмар ойындарға қатысуды бақылауды күшейту, сондай-ақ міндетті медициналық сақтандыру жүйесінің ашықтығын арттыру мақсатында әзірленді.
Заңның міндеттері - мемлекеттік органдардың функцияларын нақтылау, денсаулық сақтау саласындағы заңнамада қайталанатын нормаларды жою, ойын бизнесі мен жарнамалық қызметті реттеуге өзгерістер енгізу, әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін жетілдіру.
– Бұл заң денсаулық сақтау саласын реттейтін заңнаманы одан әрі жетілдіру мақсатымен әзірленген. Соның аясында медициналық қызметтерді регламенттейтін нормалар мен уәкілетті органның жекелеген құзыреттері қайта қаралды. Сонымен қатар лудоманиямен күресті арттыруға бағытталған нормалар қарастырылып, букмекерлік кеңселер мен тотализаторларды жарнамалау талаптары күшейтілді. Құмар ойындарға қатысуға тыйым салынатын азаматтардың тізбесі де кеңейтілді, – деді Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев.
Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің мәліметінше, бұл құжат «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексіне, сондай-ақ «Жарнама туралы», «Ойын бизнесі туралы» және «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейді.
«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне мыналарды көздейтін өзгерістер енгізілді:
- уәкілетті органның өкілеттіктерін нақтылау;
- ескірген нормаларды алып тастау;
- мүгедектігі жоқ адамдарға есту-протездік көмек көрсету туралы ережелер;
- тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінде онкологиялық ауруларды ерте анықтауға скринингтік зерттеулер жүргізу;
- атмосфералық ауаның жай-күйі туралы халықты бұқаралық ақпарат құралдарында тоқсан сайын хабардар ету;
- уәкілетті органның қарамағындағы денсаулық сақтау саласындағы ғылыми ұйымдардың резидентура бағдарламаларын дербес іске асыру құқығы.
«Жарнама туралы» Заңына букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың жарнамасын реттеуге, ойын бизнесі жарнамасын таратуға шектеулерге қатысты өзгерістер енгізілді және ұялы байланыстың абоненттік құрылғыларына құмар ойындарының жарнамасын таратуға тыйым салатын нормалар енгізілді.
«Ойын бизнесі туралы» Заңына бас бостандығын шектеуге сотталған немесе шартты түрде сотталған адамдар үшін құмар ойындарға қатысуға тыйым салынды.
Сонымен қатар, «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Заңында қайталанатын нормалар алынып тасталды, реттеуші органдардың өкілеттіктері нақтыланды.
Заңның қабылдануы денсаулық сақтау саласындағы құқықтық реттеуді жеңілдетуге, ойын бизнесінің халыққа теріс әсер ету тәуекелдерін азайтуға, аталған салалардағы мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Еске салсақ, биыл наурыз айында Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев елімізде миллион лудоман бар деген ақпаратты жоққа шығарды.