Құмар ойындарға тәуелді адамдар диспансерлік есепке алынбайды
АСТАНА. KAZINFORM – Лудоманиядан емделетіндер диспансерлік есепке алынбайды. Бұл туралы Kazinform-ның YouTube арнасындағы Bızdıñ orta подкастында Туризм және спорт министрлігі Ойын бизнесін және лотереяны реттеу комитеті төрағасы орынбасарының міндетін атқарушы Ғалымжан Мұстафаев мәлім етті.
- Бұрынғы норма бойынша адамдар (лудоман) диспансерлік есепке қойылатын. Ал осы есепке қойылған жағдайда, олар өздері туралы қоғамда теріс пікір болады деп алаңдайтын. Сол себепті емдеу мекемелеріне бара бермейтін. Ал биыл шілдеде күшіне енген заң аясында диспансерлік есепке қоймай, емдеудің жаңа тәртібі енгізілді, - деді Ғ. Мұстафаев.
Бұл тұрғыда мемлекеттік клиникаларда да анонимдік қамтамасыз етіледі. Жаңа заңнама лудомандарды сапалы тегін медициналық көмекпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Еске салсақ, Шілде айында Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі, лотерея қызметі, денсаулық сақтау, мемлекеттік еңбек инспекциясы, мемлекеттік бақылау және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына қол қойды.
Заң арқылы халықтың ойынға тәуелділігін төмендетуге бағытталған шектеуші және ынталандырушы нормалар енгізіледі.
Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин бүгін қабылданған ойын бизнесі мәселелері туралы жаңа заңға қатысты пікірін білдірді.
Құмар ойындарға тәуелді адамдарды медициналық оңалтудың тәртібі белгіленді. Мұндай адамдарды, құпиялылықты сақтай отырып, ақыл-кеңес беру арқылы бақылауға алу тәсілі енгізілді.
Бұдан бұрын хабарланғандай, лудоманияға шалдыққандардың тек 8,3%-ы құмар ойындарға тәуелділігін мойындайды екен.
Осы жылы даурыз айында Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев елімізде 400 мыңдай адам букмекерлер мен казинолардың тұрақты клиентіне айналғанын айтты.