Құмар ойындарға тәуелділік қалай емделеді

АСТАНА. KAZINFORM – Астана қалалық психикалық денсаулық орталығының психиатр-наркологы Ақбота Әбузәкірова Kazinform тілшісіне лудоманиядан емдеу үдерісі жөнінде айтты.

Фото: freepik.com

Оның сөзінше, лудомания дертінің үш кезеңі бар.

– Біріншісі – ұтыс сатысы. Адам құмар ойынды енді бастап, соның арқасында адреналин, эйфория тәрізді жақсы сезімдерге бөленеді. Мұны көңіл көтеру ретінде қабылдап, ары қарай ойнай түседі. Ірі ұтыстарға, мол табысқа кенеледі. Өзін жолы болғыш жан көріп, тұрақты түрде ойнайтын болады, – дейді психиатр-нарколог.

Ал екіншісі – ұтылыс сатысы. Ойнамаса тұра алмайтындай, тәуелді болып қалғаннан кейін, үздіксіз ұтыла бастайды. Ұтылған қаржысын қайтару үшін тағы да ойнай береді. Сөйтіп, несиелер, шағын несиелер алып, қарызға белшесінен батады. Бұл кезеңде лудоман құмар ойындарға көңіл көтеру емес, ақша табу құралы ретінде қарайды.

Әдетте, осы екінші кезеңде отбасы оның құмар ойындарға тәуелді екенін, қарызының көптігін біліп, үй ішінде ұрыс-керіс, жанжал көбейеді. Жұмысында да қиындықтар туындауы мүмкін.

– Ал үшінші кезеңде лудоман психологиялық тұрғыда толықтай құмар ойындарға тәуелді болады. Отбасындағы және жұмысындағы мәселелерден ауыр күйзеліске түсіп, көңілі алаң мен уайымнан арылмайды. Жанын енжарлық пен селқостық жайлап, ештеңеге зауқы соқпайды. Тек құмар ойындарды ойнағысы келіп тұрады. Отбасы оны осы тәуелділіктен құтқарғысы келіп, әрекет етсе, лудоман күйгелектікке салынып, ашулана беретін болады, – дейді Ақбота Әбузәкірова.

Оның айтуынша, соңғы кезеңде бірте-бірте алкогольге не есірткіге тәуелділік секілді басқа да дерттер жамалуы мүмкін.

– Лудоманияны емдеу үшін ешқандай дәрі жоқ. Өйткені, ол химиялық тәуелділік емес, психологиялық дерт. Жоғарыда айтқанымыздай, күйзеліске түсіретіндіктен, науқасқа тек антидепрессанттар тағайындалуы мүмкін. Жалпы, лудомания психотерапия арқылы емделеді. Мамандар лудоманның санасы, ойлау жүйесі, мінез-құлқымен жұмыс істеп, мәселенің себебіне қарсы күреседі. Себебі әртүрлі болуы мүмкін (күйзеліс, психологиялық әлсіздік т.б.). Лудоманияны мамандар психикалық тәсілдермен емдейді. Ол ұзақ уақыт алуы мүмкін. Әр адамда әртүрлі. Науқастың мінезіне, емделуге деген ішкі құлшынысына байланысты. Психо-когнитивті әрі мінез-құлық терапиясы болғандықтан, ем-домның нақты мерзімін айту мүмкін емес, – дейді психиатр-нарколог.

Сонымен қатар, оның сөзінше, лудоманды емделуге көбіне отбасы мен туыстары алып келеді. Құмар ойындарға тәуелді адам бұл әдетін ауру емес, көңіл көтеру тәсілі не сүйікті ісі деп ойлайды.

– Туыстары лудоманды кез келген ойын түрінен, ақшадан, сатуға болатын заттардан барынша шектегені жөн. Құмар ойындарға тәуелді адам өз еркін басқара алмайды, сондықтан оны отбасы бақылауда ұстауы керек, – дейді дәрігер.

Айта кетейік, бұған дейін БҚО-да лудоманияға шалдыққан кәсіпорын бухгалтері 118 млн теңге жымқырғанын жазғанбыз.