Құмар ойынға салынып, әке-шешемді ерте қартайтқаныма өкінемін – Нұртас Нұрғалиұлы
АТЫРАУ. KAZINFORM – Президент Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында әлеуметтік бес кеселдің тамырына балта шабу мәселесін көтерді. Сондай қауіпті кеселдің бірі – лудомания. Атыраулық Нұртас Нұрғалиұлы оның шырмауында 12 жыл болған. Ал, былтыр ойынқұмарларға психологиялық кеңес беру орталығын ашты.
– Құмар ойынды алғаш ойғанда қанша жаста едің?
– Мектепте оқыған кезде футбол ойнаушы едім. Футбол командаларының ойынын қызыға қарап, жанкүйер болдым. Біреу сенер, біреу сенбес, 9-сыныпты оқып жүргенде құмар ойынға ақша салуға бет бұрдым. Бірінші күні 10 мың теңге тігіп, біраз ақша ұттым. Содан кейін құмар ойынға салатын ақшаның көлемі бірте-бірте ұлғая түсті. Бірде ұтылдым, енді бірде әжептәуір ақша ұтып жүрдім. Ақша ұтқан кезде оны одан сайын көбейте түсуді ойладым. Өйткені, бұл – жеңіл табыс. Ал, жеңіл табысты тек құмар ойыннан ғана табуға болады. Осыған қызыққаным сонша, арбалғанымды сезбей қалдым. Құмар ойынмен он екі жылымды өткізіп, құрбаны бола жаздағанымды жасырмаймын.
– Ата-анаң, ағайын-туыстарың білген шығар...
– Біраз уақыт жасыруға болатын шығар. Бірақ, үнемі жасыра алмайсың ғой. Оның үстіне құмар ойынға салатын ақша қажет. Үнемі қалтаңда мол ақша бола бермеуі мүмкін. Сондай кезде қарызға ақша сұрайсың. Көп ақша ұтып отырғанда, мол қаржыны алып шығып кетуге ерік-жігер керек. Алайда, көкейіңде «есепшотымдағы қаржыны еселей түссем» деген ой тұрады. Осындай оймен жүріп қомақты қаржы салдым. Тіпті үйім мен көлігімнен де айырылдым.
Құмар ойынды ойнап жүргенімді әке-шешем де, ағайын-туыстар да, отбасым да білді. Менің бұл әрекетім әке-шешеме, отбасыма ауыр соққы болды. Олардың жүрегіне ауыр салмақ түсірдім. Әсіресе, әке-шешемнің уайымға салынып, жасына жетпей қартаюына себепкер болғаныма өкінемін. Әйелім ажырасуға бел буды. Оны жоғалтудан қатты қорықтым. Көп ақша, баспана мен көлікті жоғалту күйзеліске түсіреді. Ал, мұндай күйзеліс өзіңе қол жұмсауға түрткі болады. Сондай ой мен де болды...
– Лудоманиядан арылу оңай емес дейді ғой, қалай жеңдің?
– Шындығын айтқанда, бас тартуымның бірнеше себебі бар.
Біріншіден, ақшасынан ұтылып, ішкілікке салынған жігіттерді білемін. Көпірден секірген жігіттерді де көрдім.
Екіншіден, бірен-саран болмаса, ойынға салынған өзге ұлттың өкілі көп емес. Көбі – қазақтың жастары. Оларға құмар ойынның зардабы жөнінде ешкім кеңес беріп жатқан жоқ. Тіпті, вахталық жұмыстан кейін үйіне бармай тұрып, алдымен бәс тігетін орынға баратын жігіттер де бар.
Үшіншіден, қарызға алған ақша көбейді. Қарыз бергендер ақшасын қайтаруымды сұрай бастады. Осының бәрі әке-шешеме, отбасыма оңай болмады.
Расында құмар ойыннан бас тарту оңай емес. Маған да оңай болған жоқ. Шүкір, 2021 жылы қойдым. Сөйтіп, Алматыға, Астанаға оңалту орталықтарынан кеңес алуға бардым. Ол орталықтардан қазақ жігіттеріне кеңес алу қиын екен, қазақша кеңес беретін маман жоқ. Егер орыс тіліне шорқақ жастар болса, ойын жеткізудің өзі қиын.
– Былтыр ойынқұмарларға психологиялық кеңес беру орталығын ашқан едің. Бұл орталыққа кеңес алуға келетіндер көп пе?
– Иә, былтыр Тимур Рамазанов екеуміз құмар ойыннан зардап шеккендерге психологиялық кеңес беру орталығын ашу идеясын ұсындық. Қыркүйек айында жұмысын бастаған орталықты «Жаңа өмір» деп атадық. Себебі, екеуміз де құмар ойынның зардабын тарттық. Өзіміз секілді ақшасынан айырылып, құмар ойынның құрбаны болып жүрген қазақ жастарының жаңа қадам жасауына ықпал еткіміз келді.
Былтырдан бері біздің орталыққа 100-ден астам адам келіп, кеңес алды. Бойжеткендер де, тіпті көпбалалы аналар да келеді. Сондай аналардың бірі «Күйеуім жұмыс істемейді. Балаларымды, отбасымды асырау үшін осындай қадамға бардым. Бірде ұтылып, енді бірде ақша таптым» деген еді. Өз басымнан өткеннен кейін құмар ойынға ақша салудың соңы ұшпаққа шығармайтынын білемін. Азын-аулық ақша ұтқанға малданып, көп қаржысынан айырылуы, соңы өкінішке ұрындыратын қадамға баруы мүмкін екенін жоққа шығармаймын. Неге? Өйткені, қомақты ақшадан ұтылу адамның көңіл күйіне, мінез-құлқына кері әсер ететінін білемін.
Кеңес алуға келгеннен кейін құмар ойыннан бас тартып жатқандары бар. Демек, біздің мақсатымыз іске бастады.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Мемлекет басшысы ойын бизнесі мәселелері туралы заңға қол қойған еді.