«Құмар ойынның құлдары» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 2 маусым. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 2 маусым, сенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Арқанкерген» шекара бекетінде болған оқиғаға байланысты құқық қорғау органдарының басшыларымен кеңес өткізді. Онда Елбасы мәлімдеме жасады. «Мен бұл оқиғаны террористік акт деп есептеймін. Бұл ішкі қақтығыстың нәти­же­сін­де болуы мүмкін. Бірақ бұл туралы айтуға әлі ерте. Қазіргі белгілі мәліметтер бойынша шекарашылардың казармасы мен офицерлер тұратын үй өртенген, қаза болғандардың мәйіті сол өртенген үйлердің астынан табылды. Мұндай оқиғалар бейбітшілік жағ­дайында болудың мән-жайы неде екенін біз әлі тексеретін боламыз», - деді ҚР Президенті өз мәлімдемесінде.

Әрбір оқушының өміріне мектеп қабырғасындағы жылдар ерекше әсер етеді. Кім боламын, кімге ұқсағым келеді деген сауалдар басын қылтита бастағаннан-ақ олар сабақтан тыс уақытта үйірмелерге қатысып, түрлі жарыстарға барып, өз келешектеріне негіз қалап жатады. Астанада да сол жағдай. Осыған дейін елордада Махамбет Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайы жұмыс істеп келген болса, енді оның қатарына құрылысы жуырда ғана бітсе де, оқушылар тізімделіп үлгерген су жаңа Оқушылар сарайы қосылды. «Егемен Қазақстан» газеті осы жаңалықты елмен бөлісу мақсатында мекеменің директоры Ұмсын Арқабаеваны әңгімеге тартқан. Сұхбат «Әттең, ертерек туылып қойыппыз» деген тақырыппен берілген.

***

Негізінен Алматының «ақшасы тасығандары» Қапшағайды жағаласа, Астананың атқамінер ауқаттылары Щучинскіні сағалайтын көрінеді. Сенбі-жексенбісінде «рақатқа бөленгісі» келген өзге қаланың сауыққұмарлары «қазақтың Лас-Вегасына» қарай ағылатыны айдай ақиқат. Құмар ойындарға тыйым салынған оңтүстік шаһарымызда жасырын ойын автоматтары әшкере болып жатқаны бір бөлек, самсаған қапшағайлық ойынхана жарнамалары жиі ұшырасады. Өзі кетсе де, көзі кетпеген жарнамадағы бақыр бастының «бармағын сорғызар» ұтыс сомасы желіккендерді еліктірмей қоймасы тағы белгілі. Іргеде тиіп тұрған Қапшағайға жету бұйым болып па, тәйірі? «Алаш айнасы» газетінің тілшісі Іле өзенімен жапсарлас шағын қалаға қызық қуғаннан емес, ойыншылардың мінез-құлық ерекшелігін аңдамақ ниетпен жол тартқан. Бұл туралы білгіңіз келсе, газет тілшісінің «Құмар ойынның құлдары» атты журналистік зерттеуіне назар аударыңыз.

Бірнеше айдан соң режиссер Ермек Тұрсыновтың «Шал» фильмі қалың көпшіліктің назарына ұсынылатын болады. Әзірше картина фестивальдер мен жабық көрсетілімдерде жүр. Бұл туындыны кино түріндегі философиялық астарлы әңгіме деуге болады. Режиссер Эрнест Хемингуэйдің «Шал мен теңіз» шығармасының желісін ала отырып, таза қазақы дүние жасап шығарған. Тұманды қарасуықта адасқан шал жанын сақтап қалудың бар амалын қарастырады, барлық өмірлік тәжірибесін ажалға қарсы қояды. Кинода Хемингуэйдің сөздері пайдаланылғанымен, бұл фильм көне түркі дәуірінен келе жатқан жақсылық пен жамандық, ескілік пен жаңа заман, руханилық пен дүниеқұмарлық арасындағы егестерге қатысты идеяларды көрерменнің есіне салады.  Аты-шулы режиссер Ермек Тұрсыновпен шағын сұхбатты «Алаш айнасы» газетінде «Менің шығармашылығым көрерменді ойландыруды көздейді» деген тақырыппен берілген.

***

«Айқын» газетінің бүгінгі санында балалар ақыны Сұлтан Қалиевпен арадағы сұхбат «Үлгі болар кейіпкерлер арамызда жүр» деген тақырыппен берілген. Басылым тілшісінің барлық сауалдарына тұщымды жауап берген ақын: Балалар үшін еліктер тұлғаның болғаны жақсы. Кезінде октябряттар пионерлерге қарап, ал пионерлер комсомолдарға қарап бой түзеді. Бұрынғы балалар «Батыр бала Болатбек» әнін әлі күнге жатқа соғады. Осы үрдісті өшірмеуіміз керек еді. Бір отбасын өрттен құтқарған балалар, дүниежүзіне танымал шахматшы қазақ қыздары жайында жазып жүрміз. Бүгінгі күннің кейіпкерлері - солар», - дейді.