Күмбірлеген күй кеші көрермендерді бір серпілтіп тастады

АСТАНА. 2 сәуір. ҚазАқпарат - Астанадағы Президенттік мәдениет орталығының концерт залында халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты, Президент стипендиясының иегері Нүркен Әшіровтың «Әлқисса» атты күй кеші өтті.

Жас дарын ел тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында Елорда жұртшылығына есеп берді.

Айта кету керек, Нүркен Әшіров 2001 жылы Қазақстан тәуелсіздігінің 10 жылдық мерейтойына арналған мерекелік концертте атақты домбырашылар Әзидолла Есқалиев, Қаршыға Ахмедияров, Айгүл Үлкенбаева, Рүстем Күлшебаевтармен қатар өнер көрсетіп, халықтың да, ұлттық өнерді сүйген Елбасының да ыстық ықыласына бөленгені белгілі. 2004 жылы атақты Нұрғиса Тілендиев өз қолымен құрған «Отырар сазы» оркестріне қабылданып, танымал ұжымның шебер домбырашысына айналды.

Ол 2006 жылы күй атасы Құрманғазы атындағы республикалық домбырашылар байқауында бірінші орынды, 2009 жылы күйші-композитор Нұрғиса Тілендиев атындағы байқаудың бас жүлдесін жеңіп алған дарын иесі.

2010 жылы Қа­зақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақ­тастық ұйымына төрағалығы кезеңінде барлық ресми іс-шаралар аясында өткен концерттерде қазақ өнерін бүкіл әлемге паш етті.

Нүркен Нұрғалиұлы осы кеште Қазақстанның әр өңірінің күйлерін мәнеріне келтіріп тартып берді. Құрманғазыдан бастап танымал күйшілердің туындылары орындалды. Нұрғиса Тілендиев пен Қаршыға Ахмедияровтың күйлерін де орындап, халықты өзінің өнеріне тәнті етті. Кейбір күйлерді «Тарту» домбырашылар үштігімен бірге және «Тілеп» қобызшылар квартетімен қосылып орындады. Сондай-ақ Айтқали Жайымовтың музыкалық шығармасын, Мұрат Сыдықовтың «Мұраттың төкпесі» күйін көрермен назарына ұсынды. Нүркеннің інісі Төлеби Әшіров сахнаға шығып, Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым» күйін шертті.

Домбыраны шебер тарта білетін Нүркеннің өзі шығарған күйлері де бар. Осы кеште Нұрғиса Тілендиевке арнаған «Жырқисса» күйін жұртшылыққа тыңдатты. Елордалық көрермендер жылы қабылдап, қошемет көрсетті. Мырзатай Жолдасбековтің «Толғау» күйін де орындап берді.

Бұл кешке қоғам және мемлекет қайраткерлері, Парламент депутаттары қатысты. Нүркенді күй өнеріне баулыған ұстазы Айтжан Тоқтаған да осы шығармашылық кештің құрметті қонағы болды.

Қасиетті күй өнерін дәріптеуге арналған бұл шараны қоғам қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор Мырзатай Жолдасбеков басшылық жасайтын Президенттік мәдениет орталығы ұйымдастырды.

Кеш соңында Сенат депутаты Өмірбек Байгелди жас дарын иесіне шығармашылық табыс тілеп, бата берді.