Құмкөлде салынып жатқан ілеспе газды өңдейтін кәсіпорын іске қосылатын уақыт жақын - Қызылорда облысы

ҚЫЗЫЛОРДА. 11 қараша. ҚазАқпарат /Жаңагүл Сердалы/ - Қазіргі күндері құрылыс жұмыстары қызу жүргізіліп жатқан Құмкөлде ілеспе газды өңдеу кәсіпорнының іске қосылатын уақыты таяп келеді.

Осындағы Кеңлік кен орнында «Саут ойл» ЖШС қаржысымен қолға алынған оны «Мұнайқұрылыссервис» ЖШС жүргізуде. Жобалық құны 4,7 млрд. теңгелік бұл кәсіпорын іске қосылғанда, қосымша біраз табыс әкеледі. Соның ішінде мұнда мұнай-химия өндірісі мен басқа да салаларға пайдалану үшін жылына 8 тонна жанар-жағармай өндіріледі. Оған сапалы пиролиз шикізаты қолданылады. Қазірдің өзінде оны алушы ірі әріптестер белгілі. Мұнан басқа коммуналдық-тұрмыстық мақсат үшін 40 мың тонна сұйытылған газ өңдеп шығарады. Бұл отынды Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстары пайдаланады. Оның бағасын компания басшылары тұтынушылар үшін қолайлы етудің жолдарын қарастыруда. Осы мақсатта олар американдық компаниялардан мамандар шақырған. Олар қазіргі заманғы технологияларды құрастыру жұмысына атсалыспақшы. Аталмыш нысан биылғы жылдың желтоқсан айында пайдалануға беріліп, онда 30 жұмыс орны ашылады.

Облыстың мұнай нарығында «Саутс ойл» компаниясы жеті жылдан бері жұмыс жасап келеді. Ол Кеңлік және Шығыс Ақшабұлақ кен орындарынан жылына 450 мың тонна мұнай өңдіріп жүр. Компания келешекте оның көлемін 550 мың тоннаға жеткізуді межелеп отыр. Мұнда жұмысшылар мен қызметкерлерге барлық жағдай жасалған. Компанияда жұмыс істейтін 400 адам түгелдей дерлік жергілікті жердің азаматтары болып табылады.